Инвесторлар өңірге қызығушылық танытып, бірлескен жобаны жүзеге асыруға дайын екендерін айтты.
Ордабасы ауданында құрылыс саласында сұранысқа ие сэндвич панельдерге арналған PIR (полиизоцианурат көбік) материалын шығаратын зауыт салынбақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданында өнеркәсіп саласына ірі инвестиция тартылып, құрылыс саласында сұранысқа ие сэндвич панельдерге арналған PIR (полиизоцианурат көбік) материалын шығаратын зауыт салынбақ. Шетелдік «Alem euro pir» компаниясының жаңа зауыт салу жобасын Бадам индустриялды аймағына іргелес орналасқан «КазМедПрибор» ЖШС-ның жекеменшік жер телімінде іске асыру жоспарлануда.
Аудан әкімі Азат Оралбаев шетелдік инвесторлармен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Инвесторлар өңірге қызығушылық танытып, бірлескен жобаны жүзеге асыруға дайын екендерін айтты.
Жалпы жоба құны – 4,5 млрд. теңге. Зауыт іске қосылғанда 100 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Жобаның I кезеңінде 1млн. м2. дайын өнім өндіру көзделген.
Кездесу соңында тараптар жобаны іске асыру мақсатында ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Сонымен қатар аудан әкімі Қытайдың жаңартылатын жел және күн көзінен электр қуатын өндіру саласында халықаралық жетекші «Zhejiang Kanghua Wulian Technology Co., Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесті.
Шетелдің ірі және озық технологиялы «Zhejiang Kanghua Wulian Technology Co., Ltd» компаниясы электр энергиясын тікелей өнеркәсіптік тұтынушыларға жеткізу бағытындағы инновациялық жобаларды жүзеге асырумен айналысады.
Аталған жоба өңірде «жасыл энергетика» саласының дамуына тың серпін беріп, экологиялық қауіпсіз және үнемді электр энергиясын өндіруге жол ашпақ.