ТҮРКІСТАН: Ордабасыда ауқымды жылыжай кешені салынып жатыр

0
72

Бұл жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда ауқымды жылыжай кешені салынып жатыр

Ордабасыда ауқымды жылыжай кешені салынуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Түркістан облысы еліміздің агроөнеркәсіп саласында көш бастап тұрған аймақтардың бірі екені белгілі. Осы орайда, аймақта ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалар легі жалғасуда. Солардың бірі — Ордабасы ауданындағы Шұбарсу елді мекенінде бой көтеріп жатқан ауқымды жылыжай кешені. Бұл жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жылыжай кешенінің құрылысымен арнайы танысып, жауапты тұлғалармен кездесті. Аймақ басшысы кешен құрылысының маңыздылығына тоқталып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартудың маңызын атап өтті.


– Жылыжай шаруашылығы – экономикалық тұрғыдан тиімді әрі табысты сала. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, облыс экономикасына серпін береді. Біз кәсіп бастаймын деген азаматтарды барынша қолдауға дайынбыз, – деді Н.Көшеров.


Жалпы жоба құны - 250 миллион теңге. Жылыжай кешені 7,5 гектар жер аумағында орналасқан. Қазіргі таңда 0,18 гектар аумаққа қияр дақылы жерсіндіріліп, алғашқы агротехникалық жұмыстар басталып кетті.


Кешенде қызанақ пен қияр өсірілетін болады. Өнімдер ішкі нарыққа жеткізіліп, жергілікті базарлар мен сауда орындарына жөнелтілмек.


Жобаға қызығушылық танытқан 30 азамат «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржылай қолдауға ие болды. Олардың 20-сына жалпы көлемі 167 миллион теңге несие рәсімделген. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Бүгінде 42 учаскеге бөлінген жобаның 17-сінде жылыжай құрылысы аяқталған. Оның ішінде 3 учаскеде қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, толық іске қосуға дайын тұр.


Бұл жоба – «Ауыл аманаты» бағдарламасының нақты нәтижесі. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, өңірлік экономиканы әртараптандыру және жергілікті өнім өндірісін арттыру бағытындағы бастамалар жалғасын таппақ.

Бөлісу