Мұнда қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қосымша 15 адам маусымдық жұмыстарға тартылуда.
Мәжіліс депутаттары Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Осы аптадан бастап Парламент өкілдерінің өңірлердегі жұмыс кездесулері басталды. Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев, Ұласбек Сәдібеков бүгін Сайрам ауданының шалғай елді мекендерінде ашылған жаңа шаруашылық кешендерінің жұмысымен танысты. Парламент өкілдерінің жергілікті кәсіпкерлермен кездесулеріне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмурадов, партияның Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов тағы да басқа ресми өкілдер, ауыл ақсақалдары, жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Парламент өкілдері Қайнарбұлақ ауылдық округінің Таскешу елді мекенінде «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің банан өсіру жылыжай кешенімен танысты. Жалпы алаңы 5,3 гектар аумақты алып жатқан кешен ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып тропикалық өнімді жерсіндіріп, банан өсіру ісін қолға алған. Мұнда жылына 1 мың тонна өнім алынып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Кешен директоры Тимур Утешевтің айтуынша, 2023 жылы жұмысын бастаған жобаның алғашқы кезеңінің құны 1,056 млрд. теңгені құрайды, барлық жабдықтар Түркиядан алынған. Мұнда қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қосымша 15 адам маусымдық жұмыстарға тартылуда.
Екінші кезеңде банан бауы қосымша 4,8 гектарға ұлғайтылмақ, ал 5,4 гектарға – қызанақ, 1 гектарға құлпынай өсіру жобалары іске асатын болады. Үшінші кезеңде 2,7 гектарға қияр өсіру қолға алынбақ. Барлық кезеңдері табысты іске асырылған жағдайда, бұл шаруашылық отандық нарықты 1500 тонна – банан өнімдерімен, 120 тонна – құлпынаймен, 3153 тонна – қызанақпен және 1125 тонна қияр өнімдерімен қамтымақ. Жоба құны барлық кезеңдерді қоса есептегенде 13,4 млрд теңгені құрап, 150 адам тұрақты жұмысқа тартылады. Мемлекет тарапынан сумен, электр қуатымен және газбен қамту, жер асты суын пайдалануда ұңғыма шаруашылығын жолға қоюға көмек көрсетілуде.
Мәжіліс депутаттары кәсіпкердің бастамасына қолдау білдіріп, елімізге ғана емес, тұтас ТМД кеңістігіне таңсық банан шаруашылығын табысты іске асырып жатқанына ризашылығын айтты. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қазақстандық аграрлық сала мамандарын жаңа технологияларға үйретуге шақырды, бұл бағытта «AMANAT» партиясының облыстық филиалымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, озық үрдістерді енгізген шаруашылық базасында бастауыш партия ұйымын құру бойынша ұсыныстарын айтты.
Өңірге жасаған жұмыс сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаттары Сарыарық елді мекеніндегі «Көмеш балық» ЖШС-нің балық өсіру жобасымен де танысты. Дәулеталы Абдраманов жетекшілік ететін бұл кәсіпорын шабақ өсіріп, тауарлы балық өндіру ісін жолға қойған. 259 гектар жерде тоғандар салып, аталық-аналық балық түрлерін өсіріп жатқан кәсіпорын жылына 721,6 тонна өнім алып, ішкі нарықты сапалы балықпен қамтып отыр. Жоба құны 750 млн. теңгені құрайды және мұнда 19 тұрақты жұмыс орны ашылған.
«Біздің кәсіпорын 26 тоғаннан тұрады, оның 13-і – табиғи тоған болса, қалғандары – жасанды. 2016 жылдан бастап шабақ өсірумен айналысып келеміз. Күтімге алған барлық түрлерін айтатын болсақ, олар – ақ амур, карп, сазан, дөңмаңдай. Барлық өнімдеріміз ішкі нарыққа шығып отыр», - дейді Даулеталы Абдраманов.
Балық өсірумен айналысатын кәсіпкер балық түрлерін дамыту, оның жемін өндіру, тоғандық балық шаруашылығының тиімділіктері, суды үнемді пайдалану, несие беру мәселелері бойынша ұсыныстарын білдіріп, осы бағыттарда жүйелі мемлекеттік саясатты орнықтыру мәселесін көтерді. Кәсіпкердің ұсыныстарын депутаттар салалық орталық мемлекеттік органдарға жеткізетін болды.