ТҮРКІСТАН: Өндірістік парк құру жұмыстары қатаң бақылауда

0
65

Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды.


ТҮРКІСТАН: Өндірістік парк құру жұмыстары қатаң бақылауда

Түркістан облысында өндірістік парк құру жұмыстары қатаң бақылауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. Соның нәтижесінде 1 220 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ бюджеттен бөлінген әрбір 1 теңгеге 8,5 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылып, жобаның экономикалық тиімділігі дәлелденді.


Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының оң тәжірибесі негізге алынып, облыстың барлық аудандары мен қалаларында осындай өндірістік алаңдар құру жұмыстары қолға алынды. Бүгінде Түркістан облысы бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылып, өндірістік ғимараттар салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен аудандар мен қалалар аумағында өндірістік ғимараттар салу жұмыстарының барысы бойынша жиын өтті. Жиын барысында өңірлердегі құрылыс жұмыстарының қазіргі жағдайы, тапсырманың орындалуы және алдағы міндеттер кеңінен талқыланды.


Облыс әкімінің орынбасары аудан және қала әкімдіктеріне жұмысты күшейтіп, бекітілген өндірістік кестеге сәйкес барлық жоспарланған шараларды толық әрі сапалы орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді.


Қазіргі таңда Шардара ауданында өндірістік ғимараттардың құрылысына қажетті сэндвич-панельдер толық жеткізіліп, қаптау жұмыстары жүргізілуде. Қазығұрт ауданында 2 нысанның қаңқасы көтеріліп, қалған 3 нысан бойынша іргетасын қалау жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар өндірістік ғимараттардың металл қаңқаларын дайындау жұмыстары қатар жүзеге асырылуда.


Сайрам ауданында тапсырмалардың орындалу деңгейі төмен деп бағаланып, аудан әкімдігіне 10 күн мерзім ішінде өндірістік ғимараттарды бірегей эскиздік үлгіде салу және агрозона құру бағытында нақты жоспар әзірлеп ұсыну тапсырылды. Сарыағаш, Келес, Кентау және Отырар аудандарында өндірістік ғимараттар салынатын жер телімдерін тегістеу жұмыстары аяқталған. Мақтаарал ауданында өндірістік ғимараттарға арналған жер аумағы нақтыланды. Сонымен қатар Сарыағаш, Келес, Кентау, Мақтаарал және Отырар аудандарында жұмыс қарқыны баяу. Облыс әкімінің орынбасары аталған өңірлерге құрылыс жұмыстарын жедел түрде бастап, мерзімінде аяқтауды тапсырды.


Бұл бастама өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға, импортты алмастыруға, сондай-ақ жаңа инвестициялар тартуға серпін беретін маңызды жоба. Сондықтан, барлық жауапты мекемелерге жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау міндеті қойылды.

Бөлісу