6 айда өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 230,3 млрд теңгені құрап, 25,1 пайызға артқан.
Түркістан облысында жүзеге асатын жаңа сәулеттік жобалар талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында құрылыс қарқыны өте жоғары. Биылғы 6 айда өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 230,3 млрд теңгені құрап, 25,1 пайызға артқан. Жыл басынан бері 438,5 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Нысандардың сәулеттік үлгілері облыс әкімдігіндегі арнайы кеңесте тұрақты түрде талқыланып тұрады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті кеңес отырысында да бірқатар жобалар сараланды.
– Біз инвестициялық жобаларға, жаңа нысан салам деуші азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеміз. Бірақ кәсіпкерлер жерді алған соң құрылысты уақтылы жүргізулері тиіс. Созбалаңға салуға жол берілмейді, – деді Нұралхан Көшеров.
Сәулеттік жобалар кеңесінде Түркістан қаласы мен аудан, қалаларда салынатын жаңа ғимараттардың сыр-сипаты талқыға түсті. Бірқатарына тоқталсақ, мейрамхана салу, монша мен көлік жуу бекеті, Шардарадағы жағажайды абаттандыру, Балықты көл жобасы, аудан, қалалардағы базарларды қайта құрылымдау және өзге де мәселелер мен ұсыныстар айтылды. Кейбір ұсыныстар қолдау тапса, бірқатарын жетілдіру жөнінде тапсырма берілді.