Жобада футболшыларға арналған заманауи, тәулік бойы жұмыс істейтін жаттығу базасы қарастырылған.
Түркістан облысында заманауи спорттық-оқыту хабының құрылысы жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында спортты, туризмді және инвестицияны дамытуға бағытталған жаңа ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен кездесіп, Ұлттық спорттық-оқыту және сауықтыру хабын салу мәселесін талқылады. Жобада футболшыларға арналған заманауи, тәулік бойы жұмыс істейтін жаттығу базасы қарастырылған. Ауқымды инвестжоба Сарыағаш ауданында салынбақ. Бұл аймақ ауа-райының қолайлылығымен ерекшеленеді, сондықтан база жыл бойы үздіксіз жұмыс істей алады.
Жобаны жүзеге асыру барысында инфрақұрылымды жобалау және басқаруда жасанды интеллект технологияларын қолдану көзделген. Хаб тек жаттығу орны ғана емес, халықаралық деңгейдегі спортшыларды дайындайтын толыққанды орталық болады. Жобаның жеке инвесторы – кәсіпкер Мұхтар Кошқаров. Ол – осы өңірдің тумасы, және туған жерін дамытуға үлес қосуға ниетті. Келіссөздер барысында облыс басшысы жобаның стратегиялық маңыздылығын атап, қолдау көрсетілетінін айтты.
– Бұл жоба өңір үшін стратегиялық мәнге ие. Ол спортты, білімді, сауықтыруды және туризмді біріктіреді. Әкімдік тарапынан ауқымды инвестициялық жобаның сәтті жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Спорт қалашығының аумағы шамамен 100 гектар болады. Мұнда жеті футбол алаңы (жылыту жүйесімен), жабық футбол алаңы, футбол академиясы, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық-сауықтыру орталығы, спортшыларға арналған тұрғын үй кешені, медициналық және реабилитациялық орталықтар, тренажер залы және демалыс паркі салынатын болады. Футбол базасында еліміздің кәсіби футбол клубтары оқыту-жаттығу жиындарын өткізеді деп жоспарланған.
Жоба аймақтың туристік әлеуетін де арттырады. Сарыағаш ауданында қазіргі уақытта шамамен 70 санаторий мен курорттық нысан жұмыс істейді, ал жаңа хаб бұл инфрақұрылымды толықтырып, туристерді тартады. Инвестордың айтуынша, жобаны іске асыру кезінде 5 мыңға дейін жаңа жұмыс орны құрылмақ, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер береді.
Құрылыс жұмыстары үш кезеңде жүргізіледі. Болашақта бұл аймақта Орталық Азияда теңдесі жоқ толыққанды спорт қалашығы пайда болады.


