Түркістан облысында сауда инфрақұрылымын дамытуға 3,4 млрд. теңге тартылды

0
92

Модернизацияланатын базарлар тізімінде Түркістан облысында орналасқан 8 нысан бар.


Түркістан облысында сауда инфрақұрылымын дамытуға 3,4 млрд. теңге тартылды

Түркістан облысында мемлекеттік қолдау аясында сауда инфрақұрылымын дамытуға 3,4 млрд теңге тартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Естеріңізде болса, биыл Қазақстанда 100 сауда базары жаңғыртудан өткізілетін болып бекітілген және 2025 жыл базарларды жаңғыртудың соңғы жылы. Яғни 2026 жылдан бастап жаңғыртудан өткізілмеген базарлар қызметін тоқтатуы тиіс. Тиісінше, модернизацияланатын базарлар тізімінде Түркістан облысында орналасқан 8 нысан бар. Осы орайда өңірдегі жұмыстардың нәстижесімен танысу үшінҚР Сауда және интеграция министрлігі БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өткізіп, журналистер ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаевпен бірге облыс базарларын аралады.

Түркістан қаласындағы «Қуаныш» орталық базары аумағына өрт сөндіру автокөліктері мен тұтынушылардың көліктері оңай кіріп-шығуы үшін қақпа автоматтандырылған жүйеге қосылған. Сондай-ақ базардағы саудагерлерге арналған жабық автотұрақ салынған. Ал, «Жауғашты» базарының әкімшілігі қойма құрылысын аяқтап, қолданысқа берген. Қазіргі уақытта жаңа сауда үйі салынып жатыр. Сонымен қатар, «Яссы» базарында жаңғырту жұмыстарының 80 пайызы аяқталып, қазіргі уақытта өрт дабылының датчиктерін орнату жұмыстары жүріп жатыр екен. Дәл осындай істер «Алтын бұлақ» базарында да атқарылып жатыр.


Министрлік өкілінің сөзіне сүйенсек, жетісайлық кәсіпкер Ануарбек Балғабаев заманауи сауда форматына сай базар құрылысын жүргізу үшінмемлекеттік қолдау алған. 2023 жылы басталған құрылыс жуырда толықтай аяқталады. 3,42 гектар аумаққа салынған «Grand Park Zhetisay» базары Сауда министрлігінің талаптарына сай келетін нысанның бірі. Мұндағы 700-ден аса сауда орындары арнайы желдеткішпен, автотұрақпен, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін датчиктер және гидранттармен толық жабдықталған. Ал Сарыағаш ауданындағы «Дәулет» базарында жаңғырту жұмысының екінші кезеңін жүргізіліп жатыр екен. Құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда қосымша ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Қазығұрт ауданындағы «Ешанқұл-ата» базарында қауіпсіздік талаптары бойынша ауқымды істер атқарылуда.


- Мемлекеттік қолдау аясында Түркістан облысындағы сауда инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарына 3,4 млрд теңге тартылған. Атап айтқанда, өңір кәсіпкерлері жыл басынан бері ҚР Сауда және интеграция министрлігі тарапынан «Даму» қоры арқылы берілетін мемлекеттік қолдау тетігін пайдаланып, 50 сауда нысанын жаңғырту, салу және қажетті құрал жабдықтар алу, айналым қаражатын толықтыру үшін екінші деңгейлі банктерден несие алды. Мемлекеттік қолдау бағдарламасына сәйкес, осы мақсатта алынған несиенің пайыздық мөлшерлемесінің 10,75 пайызын ҚР Сауда және интеграция министрлігі субсидиялайды. ҚР Сауда және интеграция министрлігі 2029 жылға қарай заманауи сауда форматының үлесін 70 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Қазір бұл көрсеткіш 41 пайызды құрайды. Базарларды жаңғырту бірінші кезекте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Сауда министрлігі қажетті заңнаманы жасақтады, мемлекеттік қолдау тетігін іске қосты. Сондықтан кәсіпкерлер жыл соңына дейін жаңғырту жұмыстарын аяқтауы керек. Бұл жұмыс тұтынушы мен сатушының қауіпсіздігі ғана емес. Бұл салықтық түсімдердің ашықтығы және жасырын экономика үлесін азайтудың жолы, - деді Ернұр Жәутікбаев.

Бөлісу