Көпэтносты ауылдарда бірлескен шаруа қожалықтары құрылып, кооперация дамып, өзара көмек пен ынтымақтастық қалыптасқан.
Түркістан облысында этносаралық қатынасты нығайту бойынша жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысындағы этносаралық ахуал тұрақты. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен этносаралық қатынасты нығайту бойынша жиын өтті. Күн тәртібінде ауылдық елді мекендерде шаруашылық қызмет арқылы этносаралық келісімді сақтау және әлеуметтік тұрақтылық мәселелері, Келес ауданындағы этносаралық қатынастар саласындағы ағымдағы жағдай туралы кеңінен талқыланды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты басшыларға жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Тұрғындарға ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі мен теңдігі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтіңіздер. Қолдау шараларының біркелкі және ашық жүзеге асырылуын қамтамасыз етіңіздер. Жұмыссыздық мәселесін жан-жақты талдап, жастарды жұмыспен қамтуға, сондай-ақ спорт пен мәдени шараларға белсенді тарту қажет, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Түркістан облысында 89,4 мың агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл республикалық көрсеткіштің 31 пайызы. Оның ішінде, 78,6 мың шаруа қожалығы, 6,9 мың жеке кәсіпкер, 3,9 мың заңды тұлға бар. Жыл сайын 30 мыңға жуық агроөнеркәсіптік кешен субьектілеріне қолдау көрсетіледі. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ниет білдірген барлық азаматтарға, олардың өтінімдері қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес келген жағдайда, этностық шығу тегіне, ұлтына немесе өзге де айырмашылықтарына қарамастан, тең және шектеусіз қолдау көрсетіледі. 2025 жылы 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 22,3 мың АӨК субъектілеріне қолдау көрсетілді. 2023 – 2024 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 25,6 млрд теңгеге 3864 жоба қаржыландырылса, оның 17 пайызы немесе 653 жоба басқа ұлт өкілдерінің өтінімдері қаржыландырылған.
Ауыл шаруашылығы саласындағы табыстың маңызды факторларының бірі – этносаралық татулық пен өзара сенім. Көпэтносты ауылдарда бірлескен шаруа қожалықтары құрылып, кооперация дамып, өзара көмек пен ынтымақтастық қалыптасқан. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, ауыл халқының өмір сапасын жақсартуға әсер етуде. Бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау шаралары әділдік, ашықтық және заңдылық қағидаттарына негізделіп жүзеге асырылады.
Жиында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудандағы этносаралық қатынастардың қазіргі жағдайы туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, ауданда этносаралық қатынастар саласы бойынша жағдай тұрақты. Келес ауданы – халқы тығыз қоныстанған аудандардың бірі. Ауданда 132 398 адам, 20-дан астам этнос өкілдері тұрады. Ауданда 4 этно-мәдени бірлестік (өзбек, түрік, түркмен, ұйғыр) қызмет атқарады.


