Түркістан облысында әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде іске асырылуда

0
69

Түркістан облысында жұмыс күші 860 мыңнан астамды құрайды.


Түркістан облысында әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде іске асырылуда

Түркістан облысында Президент тапсырмалары аясында әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде іске асырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі мен тиісті басқармалар халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бастамаларды кезең-кезеңімен іске асырып келеді. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев баяндады.


Түркістан облысында жұмыс күші 860 мыңнан астамды құрайды. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар саны – 380 мыңға жуық. Жұмыссыздар саны 41569 адамға жетіп, жұмыссыздық деңгейі 7,8 пайызды құрады.


Жұмыспен қамту саласында айтарлықтай жетістіктер бар. 2025 жылы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл Республика бойынша құрылатын жұмыс орындарының 14,5 пайызын құрап, ең жоғарғы көрсеткіш болып қалыптасты.


Жалпы, өңірде жұмыс орындарын құру 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Атап айтқанда, ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар шеңберінде 4 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланса, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бағдарламасы аясында 22 600-ге жуық жұмыс орны ашылмақ. Ал субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 46 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру көзделсе, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары арқылы 57 300-ге жуық азамат жұмыспен қамтылмақ. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында осы жылдың 7 айының қорытындысымен 74630 азамат жұмыспен қамтылды.


Биыл 32 465 адамды уақытша субсидияналатын жұмыс орындарына тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда 24 571 азамат жұмысқа орналасты. Одан бөлек, жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы қаралып, 1800-ге жуық азамат мемлекеттік грант алды.


Кедейлік деңгейін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңда 55252 адамға АӘК тағайындалып, кедейлік деңгейі 2,6 пайызға төмендеді. Өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға, ал АӘК алушылардың саны 39498 адамға немесе 41,7 пайызға төмендеді. 2025 жылға АӘК алушылар қатарын 76,2 мың адаммен шектеу және кедейшілік деңгейін 3,5 пайызға дейін төмендету жоспарланған.


Айта кетейік, Президент тапсырмасына сәйкес, заңсыз жолмен алынған активтер есебінен әлеуметтік нысандар құрылысы да басталды. Түркістан облысының Темірлан ауылында 300 орындық музыка мектебінің құрылысы қолға алынды.


Түркістан облысы алдағы уақытта да халықты әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра отырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындауға басымдық беретін болады.

Бөлісу