Түркістан облысында 7 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланған

0
93

Жылжымалы бақылау бекеттеріндегі бақылау жұмыстары тұрақты атқарылып жатыр.


Түркістан облысында 7 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланған

Биыл Түркістан облысы аумағында 7 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 466,4 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шқ, облыстық маңызы бар жолдар – 4 045,9 шқ, аудандық маңызы бар жолдар – 1 760,6 шқ, жергілікті маңызы бар жолдар – 10 936,8 шқ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында облыстық көліктік бақылау инспекциясының атқарған жұмыстары сараланып, алдағы жоспарлар нақтыланды.


Облыс әкімі рейдтік іс-шараларды күшейтуді, әр міндетті аса жауапкершілікпен орындауды тапсырды.


– Кешенді жұмыс атқарыңыздар. Жұмыс тобын құрып, рейдтік жұмыстарды күшейту қажет. Автоматтандырылған өлшеу станцияларын мерзімінде орнатуды тапсырамын. Жер қойнауын пайдаланушылармен тығыз жұмыс істеңіздер. Пайдалы қазбалар өндіретін кен орындарыннан шығатын жүк көліктеріне қатаң бақылау жүргізу керек. Теміржол және су көлігі инспекциясының жұмысын назардан тыс қалдырмаңыздар. Заңсыздыққа жол жоқ, – деді Нұралхан Көшеров.


Облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ербол Ахметов жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, инспекция мамандары облыс аумағында автокөлік құралдарына және шаруашылық субъектілеріне күндіз-түні кезекшілік атқарып, шаруашылық субьектілерге жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізуде.


Жылжымалы бақылау бекеттеріндегі бақылау жұмыстары тұрақты атқарылып жатыр. Автомобиль көлік құралдарының Түркістан облысы аумағы арқылы жүріп өткені үшін 6 айлық алым жоспары 351,0 млн теңге болса, есепті кезеңге 419,9 млн теңге өндіріліп, жоспар 120%-ға орындалды. Облыс аумағы арқылы өтетін көлік құралдарына бақылау жүргізіліп, 5 053 көлік құралы тексерілді. Оның ішінде, 1890-ы шетелдік тасымалдаушылар болса, 3 163 – отандық тасымалдаушылар. Нәтижесінде, жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде 1 116 әкімшілік хаттама рәсімделді. Жалпы 31,7 млн теңге айыппұл салынып, оның 30,6 млн теңгесі өндірілді.


Биыл облыс аумағында 7 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарларланған. Бүгінгі таңда оның екеуі орнатылып, жұмыс жүргізілуде.


Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен шілде айында Арыс қаласы аумағында ауыр салмақты автокөлік қозғалысын шектеу мақсатында 2 автоматтандырылған өлшеу станциясы іске қосылды. Бүгінгі таңда 874 заң бұзушылық анықталып, 456 нұсқама жолданды. Сонымен қатар 484,5 млн теңге айыппұл салынып, 43,3 млн теңге өндірілді.


Облыс аумағында 110 карьер бар. Жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан жүк көліктеріне шамадан тыс жүк артпай тасымалдау барысын бақылау мақсатында жылжымалы көліктік бақылау бекеттерімен облыс аумағында және Сайрам ауданы, Түркістан, Арыс қалаларында рейдтік іс-шара өткізіліп, 686 самосвал тексерілді. Нәтижесінде, 210 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 15,8 млн теңге айыппұл салынды. Бүгінде оның 15,5 млн теңгесі өндірілді.

Бөлісу