Түркістан облысы тұрғындарының мәселелері қаралды

0
72

Көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу және ауыл маңындағы мазаратты басқа жерге көшіру ұсыныстары айтылды.


Түркістан облысы тұрғындарының мәселелері қаралды

Түркістан облысы тұрғындарының мәселелері қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, көтерілген мәселелердің әрқайсысына жіті назар аударды.


Қабылдауға келген Бәйдібек ауданының қариялары Ақбастау ауылындағы бірқатар түйткілді мәселелерді қозғады. Олардың қатарында көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу және ауыл маңындағы мазаратты басқа жерге көшіру ұсынысы болды.


Тұрғындарды мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Талғат Жаппарханұлы қазіргі таңда жөндеуден тыс қалған 4 көшеге жобалық-сметалық құжаттар дайындалғанын мәлімдеді. Құжат облыстық бюджет есебінен қолдау тапса, алдағы уақытта жол жөндеу мәселесі оң шешімін табатынын айтты. Бұл ретте Алтынсары Дүйсенбекұлы мәслихаттағы бюджет комиссиясы аясында бастаманы қолдайтынын атап өтті. Мазаратты ауыстыру бойынша Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бақытбек Тұрсынәлі ауыл тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру шараларын ұйымдастыратын болды. Қалған мәселелер бойынша да тиісті жауаптар беріліп, шешу жолдары түсіндірілді.


Сауран ауданының тұрғыны Қарашық өзені бойында жұмыс істеп жатқан балық шаруашылығының қызметіне қатысты шағымын жеткізді. Оның айтуынша, кәсіпкердің әрекеті өзеннің экологиялық жағдайына кері әсер етуде. Құзырлы органдардың дерегіне сәйкес, кәсіпкер жерді заңды негізде алып, салықтарын уақтылы төлеп, қызметін заң аясында жүзеге асырып отыр. Осыған байланысты Талғат Қозбеков азаматқа шағымын ресми түрде құзырлы мекемелерге жолдау қажеттігін ескертті.


Қабылдау барысында Сарыағаш ауданынан келген бір топ кәсіпкер де өздерінің өтінішін жеткізді. Олар мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту бойынша мердігер компанияның заңсыз әрекеттеріне шағымданды. Аталған мәселе бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрпейісов жағдайды жеке бақылауына алып, тиісті шара қабылдайтынын мәлімдеді.


Сонымен қатар қабылдауда көшелерді жарықтандыру, жол салу, ауыз су тапшылығы секілді өзекті мәселелер де қозғалды. Әрбір өтініш хаттамаға енгізіліп, жауапты органдарға бағытталды.

Бөлісу