Түркістан облысы мен Баян-Ғол бауырлас өңірлер атанды

0
92

Баян-Ғол Қытайдағы ең ірі мақталы өлкелердің бірі.


Түркістан облысы мен Баян-Ғол бауырлас өңірлер атанды

Түркістан облысы мен Баян-Ғол ресми түрде бауырлас өңірлер атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасының Баян-Ғол Моңғол автономиялық аймағы стратегиялық әріптестік орнатты. Өңірге ресми сапармен келген Баян-Ғол округі Халық Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Чжу Дайюн бастаған мемлекеттік және іскер делегациямен екіжақты келіссөздер нәтижесінде өңірлер арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды. Бұл тарихи құжат Түркістан мен Баян-Ғолдың арасындағы көпжақты серіктестіктің жаңа кезеңін бастап қана қоймай, екі ел арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген стратегиялық әріптестіктің нақты көрінісіне айналды. Баян-Ғол Қытайдағы ең ірі мақталы өлкелердің бірі.


Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мырза Баян-Ғол делегациясын құттықтай отырып, өңіраралық қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Әкім екі ел басшыларының – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жоғары деңгейдегі кездесулерін ерекше атап өтіп, Түркістан мен Баян-Ғол арасындағы әріптестік те осы сенім мен тұрақтылыққа негізделуі тиіс екенін жеткізді.


– Қытай – Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестиция көлемі бойынша ТОП-5 елдің қатарында. Бұл сенімді серіктестік Түркістан өңірінде де айқын көрініс табуда. Бүгінде облыс аумағында жалпы сомасы 125,8 млн АҚШ долларын құрайтын Қытай капиталының қатысуымен бес ірі жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында 50 МВт күн электр станциясы, түйе сүті ұнтағын өндіру зауыты, ПЭТ қалдықтарын қайта өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты мен алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт бар. Сонымен қатар, жалпы құны 607 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа инвестициялық жоба іске асырылу сатысында. Айрықша атап өтетін жоба – Lihua Group компаниясының қатысуымен жүзеге асырылатын текстиль кластері, бұл жоба 270 млн АҚШ долларын құрайды және мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашады. Бүгінгі серіктестігіміз – өткен жылы Қытай Халық Республикасына жасаған іссапарымыз барысында Сіздермен өткізілген кездесудің нақты нәтижесі. Сол сапар аясында бірқатар өзекті жобалар талқыланып, өзара ынтымақтастықтың берік негізі қаланған болатын. Осы бастама өз жалғасын тауып, екі жаққа да тиімді нақты нәтижелерге жеткізетін берекелі серіктестікке айналады деп сенеміз, - деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.


Баян-Ғол округі Халық Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Чжу Дайюн мырза өңіраралық қатынастарды дамытудың маңыздылығына тоқталып, бауырлас өңірлер арасындағы өзара сенімге негізделген әріптестік байланыстарды кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.


Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіп кешенінде бірлескен кәсіпорындар құру, технологиялар мен ғылыми зерттеулер алмасу, тұрақты экспорт-импорт жүйесін қалыптастыру мәселелерін талқылады. Түркістан облысы мен ҚХР Баян-Ғол Моңғол автономиялық округі арасындағы бауырластық қарым-қатынасты орнату туралы келісімге қол қойылуы, бірлескен жобалар мен нақты экономикалық байланыстар – бұл стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижелері. Қытайлық делегация Түркістан облысының қарқынды дамып жатқан, сенімді және ашық әріптес екеніне көз жеткізді. Алдағы уақытта қос тараптың ынтымақтастығы өз жемісін беріп, Түркістан мен Баян-Ғол тек экономикада емес, мәдениет пен білім салаларында да тығыз байланыс орнатпақ.


Түркістан облысы мен Баян-Ғол кәсіпкерлерінің 40-тан астам компаниясы арасында B2B кездесулер өтті. Қытайлық делегация түрлі салада жұмыс істейтін өңірлік кәсіпорындармен ауыл шаруашылығы, өңдеу, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, логистика және фармацевтика салаларында әріптестік орнату мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің орынбасарымен G2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылды, мұнда мемлекеттік қолдау шаралары, рұқсат беру процестері және өңірлік даму жоспарлары талқыланды.


Шара аясында екі өңірдің өнеркәсіп өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Делегация мүшелері Түркістан облысының «TURAN» арнайы экономикалық аймағы мен «Шағын өнеркәсіптік парктер» қызметімен танысты. Бұл аймақтарда инвесторларға қолайлы мүмкіндіктер ұсынылады.

Бөлісу