Қаражаттың негізгі көлемі жылжымайтын мүлік, көлік және тау-кен саласына құйылған.
Түркістан облысы негізгі капиталға инвестиция тарту бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Маңызды жиында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында берілген экономикаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері сөз болды. Сонымен бірге министрліктер мен әкімдіктердің өңірлердегі инвестиция көлемін және инвестициялық жобаларды іске қосу қарқынын үдете түсу жұмыстарының тиімділігін арттыруға назар аударылды.
ҚР ҰЭМ деректері бойынша биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестицияның (НКИ) жалпы көлемі 13,8 трлн теңгені құраған, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5%-ға артық. Ең үлкен өсім энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында тіркелді. Қаражаттың негізгі көлемі жылжымайтын мүлік, көлік және тау-кен саласына құйылған. Өңірлер арасында Астана қаласы, Түркістан облысы негізгі капиталға инвестиция тарту бойынша көш бастап тұр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірде инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық берілген. Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне индикаторлар бекітілген. Осы жүйелі жұмыстар нәтижесінде биылғы 9 айдың қорытындысымен облыстың капиталына тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн. 12,2 млрд. теңгені құрады (9 айдағы жоспар – 828,0 млрд. тг) немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,9 %-ға жоғары.
Тікелей шетелдік инвестициялар индикаторына тоқталсақ, II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрады немесе жылдық жоспар артығымен орындалған.
Сонымен қатар алдағы уақытта бекітілген көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету үшін, 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 2,6 трлн. теңгеге 23915 жұмыс орны құрылатын 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. 9 айдың қорытындысымен 33 инвестициялық жоба іске қосылып, 4 793 жұмыс орны ашылды және 161 млрд. теңге жеке инвестиция тартылды.
Мемлекет басшысы шикізат экспорттаушы емес, өнімді терең өңдеуші елге айналу міндетін жүктеді. Осыған байланысты Түркістан облысында терең өңдейтін және дайын өнім шығаратын ірі зауыттар мен кәсіпорындар салынып, жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, «Созақ Фосфат» ЖШС-ның (Созақ ауданы) қуаттылығы жылына 1,6 млн. тонна фосфорит кендерін өңдеу зауытының құрылысы, «Састөбе Инновациялық кешені» ЖШС (Түлкібас ауданы) қуаттылығы жылына 1,8 млн. тонна каустикалық сода, ПВХ, цемент, карбид және әк шығару зауытының құрылысы, «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» ЖШС-ның (Созақ ауданы) қуаттылығы жылына 100 мың тонна күкірт қышқылын өндіру зауытының құрылысы, «Kazakhstan Lihua» ЖШС-ның (Түркістан қаласы) мақта кластері, «Казкрахмал» ЖШС-ның (Шардара ауданы) қуаттылығы жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы және өзге де маңызды ірі жобалар қолға алынған.
Облыста арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтар инвесторларға қолайлы мүмкіндіктер ұсынып келеді. Облыс әкімінің төрағалығымен инвестициялық штаб отырыстары тұрақты түрде өтіп, әрбір жоба бақылауға алынған.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
