Жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеп, орындалу мерзімін белгіледі.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.
Тұрғындармен «Ашық әкімдік» кеңсесінде кездескен Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелерді жауапты мамандармен бірге саралап, шешу жолдарын қарастырды.
Қазығұрттық азамат суармалы егістік жерлерге су жеткізу мәселесін көтеріп, Р-7А каналын жөндеуден өткізу бойынша өтініш білдірді. Аталған мәселе бойынша каналды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланғаны, қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға ұсынылғаны түсіндірілді. Ал, суды заңсыз пайдаланушыларды анықтаумен арнайы комиссия айналысады.
Түркістандық азаматша жерге пайдалану құқығын беру барысында тиісті мекеме тарапынан заң бұзушылыққа жол беріліп отыр деген күдігін жеткізіп, жауаптыларға шара көруді сұранды. Нұрбол Тұрашбеков жер құжатын рәсімдеу заңдылығына тоқталды. Тиісті мекеменің шешімімен келіспеген жағдайда, құзырлы мекемеге шағымдану мүмкіндігін түсіндірді.
Созақ ауданынан келген азамат балық шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетуді, саурандық тұрғын жерді заңсыз иелену дерегі бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізуді сұрады.
Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеп, орындалу мерзімін белгіледі.
Айта кетейік, жеке қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.