ТҮРКІСТАН: Нұралхан Көшеров қатарлық компанияның өкілдерімен кездесті

0
162

Компания нақты серіктестік бағыттарын пысықтауға дайын екенін білдірді.


ТҮРКІСТАН: Нұралхан Көшеров қатарлық компанияның өкілдерімен кездесті

Нұралхан Көшеров Қатардың Power International Holding инвестициялық компаниясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қатар мемлекетінің ірі инвестициялық құрылымдарының бірі – Power International Holding (PIH) компаниясының өкілдерімен ресми кездесу өткізді. Басқосу аясында тараптар энергетика, құрылыс, туризм, ойын-сауық индустриясы, денсаулық сақтау және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы өзара ынтымақтастық пен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.


Облыс әкімі екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейде екенін атап өтіп, шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру өңір экономикасын әртараптандыру мен дамытуда маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар Түркістан облысы халықаралық бастамаларға ашық екенін және инвестициялық ұсыныстарды жан-жақты қолдауға дайын екенін мәлімдеді.


– Түркістан облысы – табиғи ресурстарға бай, индустриялық әлеуеті жоғары аймақ. Біз уран өндірісі бойынша елімізде көшбасшы өңірміз. Сонымен қатар Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында да алдыңғы қатарда. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Инфрақұрылымы дайын өндірістік және агроиндустриялық аймақтар, инженерлік желілермен қамтамасыз етілген алаңдар бар. Сондай-ақ көлік-логистикалық бағытта теміржол, автокөлік жолдары мен халықаралық әуежай шетелдік серіктестермен байланыс орнатуға мол мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – инвесторларға ұзақмерзімді, сенімді әрі тиімді серіктестік ұсыну. Түркістан облысы халықаралық ынтымақтастыққа ашық, инвестиция тартуға және оны қолдауға бағытталған нақты механизмдер жұмыс істейді. Біз өзара тиімді әріптестікті дамытуға әрқашан дайынбыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.


Power International Holding компаниясының өкілдері өз кезегінде Түркістан өңірінің экономикалық әлеуетіне жоғары баға беріп, түркі әлемінің рухани астанасында ауқымды жобаларды жүзеге асырудың ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Компания нақты серіктестік бағыттарын пысықтауға дайын екенін білдірді. Ең бастысы, Түркістан облысының қолайлы инвестициялық ахуалын ерекше атап өтті. Географиялық орналасуы, тарихи-мәдени маңызы және мемлекеттік қолдау шаралары шетелдік инвесторлар үшін өңірді тиімді бағыт ретінде көрсетіп отыр.


Power International Holding (PIH) – Қатар мемлекетінде орналасқан, кең ауқымды қызмет түрлерін қамтитын жеке конгломерат. Компанияның негізін қалаушылар – Мутаз Аль-Хайят пен Рамез Аль-Хайят. PIH – Араб әлеміндегі ең ірі отбасылық бизнес құрылымдарының бірі болып саналады. Қазіргі уақытта холдингтің әлемнің 19 елінде өкілдіктері бар және оның құрамында 400-ден астам компания жұмыс істейді. Негізгі бизнес бағыттары – құрылыс, энергетика, енсаулық сақтау, телекоммуникация.


PIH құрамына UCC Holding, Estithmar Holding, Baladna Food Industries сынды жетекші ірі бизнес-топтар кіреді. Компания Мальдив аралдарында, Қатарда және басқа да елдерде табысты жобаларды жүзеге асырған халықаралық тәжірибеге ие.


2025 жылдың қаңтарында PIH Қазақстандағы телекоммуникация нарығына елеулі қадам жасап, «Казахтелеком» компаниясынан «Мобайл Телеком-Сервис» АҚ (Tele2/Altel) үлесін сатып алу арқылы Қазақстандағы инвестициялық қызметін кеңейткен болатын.


Тараптар кездесу қорытындысында бірлескен жобаларды іске асыру бойынша нақты салаларда жұмыс жүргізуге келісті. Бұл бастама Түркістан облысының экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, Қазақстан мен Қатар арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі.

Бөлісу