Аймақты дамыту жолдарын пысықтады.
Нұралхан Көшеров Арыс қаласының активімен кездесіп, аймақты дамыту жолдарын пысықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өткізді. Өңір басшысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы мен аймақтың алдағы жоспарлары бойынша нақты көрсеткіштерін саралап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Мәжілісте Арыс әкімі Қайсар Маңқараевтың есебі мен басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Қалада өндірісті, туризмді, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді.
– Арыстың әлеуеті жоғары. Орналасқан орны экономиканы, сауданы, өндірісті дамытуға өте қолайлы. Инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру керек. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Экономиканы әртараптандыру және жергілікті жобаларды іске асыру – бұл стратегиялық міндет. Тәуелділіктен арылуды жолдарын арттыру керек. Ауыл шаруашылығы, көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ қызметтердің басқа түрлерін ұсыну салаларынан салық тиісті деңгейде өндірілуі керек. Бұл бойынша кірістер басқармасымен бірлескен жұмыстарды күшейту қажет. Инфрақұрылымды әрі қарай дамыту керек. Арыс қаласының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасау қажет. Ол үшін бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Айта кетейік, Арыс қаласының 2025 жылға экономикалық көрсеткіштер өсімін қамтамасыз етуге бағытталған жалпы құны 48,9 млрд. теңгені құрайтын 42 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 6 айдың қорытындысы бойынша жалпы құны 20,4 млрд. теңгені құрайтын 21 инвестициялық жобалар іске асырылған. Жыл соңына дейін жалпы құны 14,0 млрд. теңге болатын тағы 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, жалпы құны 14,5 млрд.теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобалар 2026 жылға өтпелі. Арыста 30 га жаңадан индустриялық аймақ ашу жоспарлануда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын көбейту бағытында жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.