ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік сатып алу саласындағы кемшіліктер қаралды

0
249

Мәжілісте өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік сатып алудың заңнамалық талаптарға сай жүргізілуі мәселесі көтерілді.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік сатып алу саласындағы кемшіліктер қаралды

Түркістан облысының әкімі жауаптыларға қатаң тапсырма берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында мемлекеттік сатып алу саласындағы кемшіліктер мен өзекті мәселелер облыс әкімдігінің мәжілісінде кеңінен қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Мәжілісте өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік сатып алудың заңнамалық талаптарға сай жүргізілуі мәселесі көтерілді.


Аймақ басшысы мемлекеттік сатып алу саласында заң бұзушылықтарға жол берген аудан, қала әкімдері мен облыстық басқарма басшыларының салаға жауапты орынбасарларының тәртіптік жауапкершілігін қарауды тапсырды.


– Мемлекеттік қаржы әр тиынына дейін тиімді жұмсалуы қажет. Қолға алынған барлық жобалар уақтылы әрі тиімді жүзеге асырылуы тиіс. Мемлекеттік қаражат тек әлеуметтік маңызы бар, халыққа пайдасы тиетін жобаларға ғана бағытталуы керек. Ысырапшылдыққа жол берілмейді. Қажетсіз жобалар үшін қаржы шашу тоқтатылсын. Әр басшы жауапкершілікті сезінсін. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері заң талаптарына сай әрі ашық түрде жүзеге асырылуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.


Әкім, сондай-ақ, жауапты басқармаларға жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуді, түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, семинарлар ұйымдастыруды тапсырды. Жүйелі түрде заңнаманы бұзатын әкімдіктер мен басқармалар бойынша рейтинг жасап, тиісті шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.


Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ақаәділ Сатыбалдының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері басқармаға жалпы сомасы 147,9 млрд теңгені құрайтын 953 өтінім түскен. Оның ішінде: жұмыстарға – 74,4 млрд теңгеге 266 өтінім; қызметтерге – 30,7 млрд теңгеге 378 өтінім; тауарларға – 42,8 млрд теңгеге 309 өтінім.


Қазіргі таңда 140,9 млрд теңгеге 856 мемлекеттік сатып алу рәсімі аяқталған. Қалған 7 млрд теңгеге 97 сатып алу рәсімі жүргізіліп жатыр.


Жиын барысында саладағы нақты кемшіліктерге де тоқталып, сын-ескертпелер айтылды. Облыс әкімі тиісті басшыларға жұмысты ширату, қаржыны тиімді игеру және жобаларды уақтылы аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Алдағы уақытта бұл саладағы әрбір әрекет қатаң бақылауда болады.

Бөлісу