Тағылымды шараға Түлкібас өңірінен шыққан бірқатар зиялы қауым өкілдері де қатысты.
Түлкібаста «Мархабат Байғұт – көркемсөз шебері» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданының Пістелі ауылында жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған «Тау-Пістелі тағылымы» жобасының төртінші кезеңі кең көлемде ұйымдастырылды. Халықаралық деңгейде өткен бұл тағылымды шара жазушының туған жеріндегі әдеби рухты жаңғыртып, жастарға өнеге көрсету, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында қолға алынған. Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойы Түркістаннан бастау алып, туған жерінде жалғасты. Тағылымды шараға Түлкібас өңірінен шыққан бірқатар зиялы қауым өкілдері деқатысты. Олар жазушының шығармашылығына жоғары баға беріп, естеліктерімен бөлісті.
Шара аясында «Мархабат Байғұт – көркемсөз шебері» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапта қаламгердің өмір жолына, прозадағы өзіндік стиліне, қоғамдағы ұстанымына қатысты талдамалық мақалалар мен естеліктер топтастырылған. Тағылымды шарада тұлғаның қаламгерлік болмысын танытатын кітап көрмесі мен фотогалерея ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Мархабат оқулары» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жазушының туған жерінде ұйымдастырылған бұл тағылымды басқосуда Құран оқылып, қаламгердің рухына тағзым етті.