Өз өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, депутаттық корпустың қызметі туралы кеңінен баяндады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында Төлеби және Сайрам аудандық мәслихаттарының төрағалары жыл басынан бері атқарылған жұмыстар бойынша БАҚ өкілдеріне есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Брифинг барысында Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров пен Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмурадов өз өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, депутаттық корпустың қызметі туралы кеңінен баяндады.
Нұрлан Хамзаұлының айтуынша, Төлеби ауданында жыл басынан бері жалпы өңірлік өнім көлемі 110,9 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 30,4 пайызға артқан. Жалпы өңірлік өнім көлемінің 48 пайызы өнеркәсіп, 31,1 пайызы ауыл шаруашылығы, ал 16,6 пайызы сауда және құрылыс салаларына тиесілі. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 907 мың теңгені құрап, өсім 29,7 пайызды құраған. Ауданның экономикалық әлеуетіне тоқталған Нұрлан Қойбағаров мәслихат құрамының 82 пайызы «AMANAT» партиясының мүшелерінен тұратынын атап өтті.
«Биыл аудандық мәслихаттың 6 сессиясы өткізіліп, 46 шешім қабылданды. Депутаттар халықпен тікелей байланыста болып, тұрғындарды жеке қабылдауды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін 278 сайлаушының өтініші тыңдалып, 235-інің мәселесі шешілді. Өзім мәслихат төрағасы ретінде 142 азаматты жеке қабылдап, мәселелерін тыңдадым. Сонымен қатар, депутаттық корпус тарапынан 321 депутаттық сауал жолданды. Оның 236-сы аудандық мекемелерге, 39-ы облыстық басқармаларға, 5-еуі министрліктер мен комитеттерге бағытталды», – деді Нұрлан Қойбағаров.
Сондай-ақ, Нұрлан Хамзаұлы ауданда әлеуметтік саласны дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында нақты жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Оған қоса, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған туризм, автожол, жер телімі, көлік кептелісі, аудан бюджетін молайту салаларына қатысты сауалдарға толыққанды жауап берді. Спикердің айтуынша, бүгінде Біркөлік және Ақмешіт шатқалында орналасқан демалыс орындарын Төлеби ауданының есебіне тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Нәтижесінде 250-ден астам нысанның 150-ден астамы ауданға тіркеліпті. Жиырмаға жуығы тіркелуден бас тартса, қалғанымен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Брифингте Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмурадов та 9 айдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады. Оның айтуынша, есепті кезеңде аудандық мәслихаттың 8 сессиясы өткізілген. Жергілікті бюджетті бекіту кезінде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттар мен халықтың ұсыныс-пікірлері ескерілген. Соның нәтижесінде әлеуметтік нысандардың құрылысы, жолдарды жөндеу, ауыз су тарту, газдандыру және жарықтандыру мәселелері шешімін тауып келеді. Ауданда мониторингтік топтар құрылып, өзекті мәселелер зерттелген. Осылайша халықтық бақылау тетігі іске қосылып, бірқатар проблемалар реттелген.
«9 айда мәслихат депутаттары тарапынан 109 депутаттық сауал жолданды. Оның басым бөлігі әлеуметтік сала, спорт нысандары, жол және инфрақұрылым, трансформатор орнату, бағдаршам қою сияқты мәселелерге қатысты. Көтерілген мәселелер атқарушы органдармен бірлесе қаралып, бірқатары бюджет есебінен қаржыландырылды. Депутат қызметінің басты мақсаты сайлаушылардың сенімін ақтау, өңірдің өркендеуіне үлес қосу және ел игілігі жолында аянбай еңбек ету. Сондықтан өз жұмысымызда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа аламыз», – дейді Шамхат Розақұлұлы.
Баспасөз мәслихаты соңында мәслихат төрағалары алдағы кезеңде де жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және партиялық бақылау жұмысын күшейтуге бағытталған бастамаларды жалғастыратынын атап өтті. Баспасөз өкілдері тарапынан сауалдар қойылып, жауап берілді.