ТҮРКІСТАН: Мақтааралда қысқы сор шаю жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

0
70

Аудан бойынша жалпы егістік алқап көлемі 60 330 гектарды құрайды.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда қысқы сор шаю жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

Мақтаарал ауданында егістік алқаптардың өнімділігін арттыру мақсатында қысқы сор шаю жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазіргі таңда аудан аумағындағы негізгі су көзі – «Достық» каналы ағын суға толып, оның тармақтары арқылы барлық егістік алқаптарға су жеткізілуде.


Аудан бойынша жалпы егістік алқап көлемі 60 330 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге дейін соның 31 867 гектарында пал алу жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар 3 127 гектар жер терең қопсытылып, 3 509 гектар алқап тегістелді. Бұл – егістік жерлерді жаңа маусымға дайындау бағытындағы маңызды агротехникалық шаралар.


Жалпы Мақтаарал ауданында 46 800 гектар жерге қысқы сор шаю жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Алайда қазіргі таңда 3 872 гектарда ғана сор шаю жұмыстары орындалып, бұл жоспардың 8,3 пайызын құрап отыр. Осыған байланысты аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасына сәйкес, ағын суға жауапты мекеменің өкілдері, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, ауылдық округтердің әкімдері тарапынан шаруаларға түсіндіру жұмыстары күшейтілуде.


Жиындар мен кездесулер барысында сор шаюдың маңыздылығы, оның топырақ құнарлылығына тигізер оң әсері және уақытылы жүргізудің қажеттілігі кеңінен түсіндірілуде. Аудан басшысы қысқы сор шаю және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жедел күшейту қажет екенін атап өтіп, жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.


Айта кетсек, биыл аудан көлемінде су үнемдеу технологияларын 8 мың гектар жерге енгізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда 2 349 гектар жердің иелерімен су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша келісімшарттар жасалған. Аталған технологиялар су ресурстарын тиімді пайдалануға және егін шаруашылығының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу