ТҮРКІСТАН: ҚХА-ның 30 жылдығы және Ұлттық домбыра күніне орай «Үкілі домбыра» байқауы өтті

0
81

«Үкілі домбыра» байқауы – өнерді ұлықтайтын, рухты оятатын тағылымды шара.


ТҮРКІСТАН: ҚХА-ның 30 жылдығы және Ұлттық домбыра күніне орай «Үкілі домбыра» байқауы өтті

Түркістан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Ұлттық домбыра күніне орай «Үкілі домбыра» байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы «Достық үйінде» облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен этнос өкілдері арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Ұлттық домбыра күніне орай «Үкілі домбыра» байқауы өтті.


Аталған байқау Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» жобасын іске асыру және талантты домбырашыларды анықтау, сондай-ақ облыстың мәдени имиджін көтеруге атсалысу, этнос өкілдеріне ұлттық өнерді насихаттау мақсатында өткізілді.


Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.


– «Үкілі домбыра» байқауы – өнерді ұлықтайтын, рухты оятатын тағылымды шара. Бұл – тек өнер жарысы ғана емес, ұлттық мұраны дәріптеп, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің жарқын көрінісі. Қазақтың күй өнері – ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазына. Осы байқау арқылы біз сол қазынаны дәріптеп, жас таланттарға жол ашып отырмыз. Сондай-ақ, бұл жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» ғылыми-ағартушылық бастамасымен үндесе отырып, этнос өкілдеріне де қазақ мәдениетінің терең мәні мен әсемдігін танытуға бағытталған. Бұл – бірлік пен рухани келісімді нығайтатын маңызды бастама, - деді басқарма басшысының орынбасары.


«Дәстүрлі ән орындау», «Күй орындау», «Терме орындау» сынды үш номинацияда өткен өңірлік байқауға қала, аудандардан келген өнерпаздар қатысып, бақтарын сынады.


Бірлікті бекемдеген байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен «Дәстүрлі ән орындау» номинациясы бойынша 1-орынға саурандық Юлдуз Бектемирова лайық деп танылды. Ал 2-орынды жетісайлық Элина Букаева, 3-орынды саурандық Абдумалик Алитдинов иеленді. «Күй орындау» номинациясы бойынша сайрамдық Диёр Ахмедов жеңімпаз атанса, 2-орынға кентаулық Бехруз Давранов, 3-орынға саурандық Бехруз Закирханов ие болды. Ал «Терме орындау» номинациясы бойынша сайрамдық Айна Набиева топ жарса, саурандық Муратжан Атажанов жүлделі 2-орынды алды.


Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді, сондай-ақ байқауға белсене атсалысқан қатысушыларды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Спорт және өнер факультеті «Орындаушылық өнер» кафедрасының аға оқытушысы Сәбит Сопбеков, «Ақжайық» музыка мектебінің домбыра пәні мұғалімі, республикалық конкурстардың лауреаты Бексұлтан Жұман арнайы құттықтап, дипломдармен, Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады.

Бөлісу