Марокко шегірткелерінің белсенділігі артқан
Түркістан өңірінде Марокко шегірткелерінің белсенділігі артқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мамандардың мәлімдеуінше, ауа температурасының күрт ысуы салдарынан Марокко шегірткелерінің белсенділігі артқан. Сол себепті, тиімділігі ескеріле отырып, дәрілеу жұмысы түнгі уақытқа ауысты.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес, Сарыағаш аудандарындағы бірқатар секторларды аралап, химиялық өңдеу барысын бақылады. Сонымен қатар, Шардара ауданындағы Жаушықұм, Арыс қаласы аумағындағы Қожатоғай, Монтайтас, Ордабасы, Отырар аудандарының шекаралас алқаптарында атқарылып жатқан жұмыстың есебін тыңдады.
Отырар мен Арыс, Ордабасы шекаралас аумағында соңғы 4 күнде анықталған 850 гектар аумақ өңделіп, зиянкестен тазаланған. Анықтаушылар күндізгі уақытта алқаптарды аралап, зерделеуде. Бозай ауыл округінде 40 анықтаушы, 7 техника, Жамбыл ауыл округінде 30 анықтаушы, 6 техника, Ошақты ауыл округінде 10 анықтаушы, 3 техника, Бірлік ауыл округінде 60 анықтаушы, 11 техника жұмыс атқаруда.
– Тұрғындардың көмегімен анықталған ошақтар ерекше бақылауға алынып, кешіктірілмей, шұғыл дәріленуі тиіс. Анықтау, зерделеу жұмыстарын тоқтатпаймыз, – деген облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға барлық секторда кезекші техникалардың болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бүгінге дейін облыс бойынша шегіртке зиянкесіне қарсы жалпы 368,6 мың гектар жер дәріленді. Оның ішінде, Арыста – 132,9 мың, Келесте – 108,8 мың, Сарыағашта – 97 мың, Шардарада – 5724, Ордабасыда – 11,5 мың, Бәйдібекте – 5750, Қазығұртта – 4954 гектар жер химиялық өңдеуден өтті.