ТҮРКІСТАН: Келесте 33,8 шақырым жол жөнделеді

0
97

Бірқатар елді мекендерде асфальт төсеу және жол негізін дайындау жұмыстары жүргізілуде.


ТҮРКІСТАН: Келесте 33,8 шақырым жол жөнделеді

Келес ауданында биыл 33,8 шақырым жол жөнделеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданында елді мекендердегі ішкі көшелерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл аудан аумағындағы 33,8 шақырым жолды жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланған. Бүгінде бірқатар елді мекендерде асфальт төсеу және жол негізін дайындау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Жамбыл елді мекенінде Ш.Тұрсынбаев көшесінің 2,6 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарды «Сарыағаш Сәулет» ЖШС атқаруда.


Сонымен қатар Қошқарата ауылдық округінің Алғабас, Жаңақоныс және Қарабура елді мекендеріндегі 4 ішкі көшеге шағал тас төселіп, асфальт төсеу жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 11 шақырымға жуық. Жол құрылысының сапасына «СК Құрылыс инжиниринг» және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» мекемелері тұрақты түрде техникалық бақылау жүргізіп отыр.


Жалпы, аудан аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1172 шақырымды құрайды. Өткен жылы 2 көше аудандық бюджет есебінен, ал 16 көше «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделіп, асфальтталған. Нәтижесінде, аудандағы көшелердің 61 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетті.


Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы тағы 21 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде, Ошақты ауылдық округінің Қоңыртөбе, Береке елді мекендерінің 4 ішкі көшесіне және Жүзімдік ауылдық округі Жүзімдік елді мекенінің 11 ішкі көшесіне шағал тас төселіп, асфальт төсеу жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 17,7 шақырымды құрайды.


Одан бөлек, Абай ауылындағы Жамбыл, Асан Қайғы, Б.Қырғызалиев, Төле би, Ә.Жылқышиев гүлзары мен Т.Рысқұлов көшесінің батыс бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде.


Жұмыстар толық аяқталғанда, аудандағы ішкі көшелердің 65 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетпек.

Бөлісу