ТҮРКІСТАН: Қазақ күресінен Азия чемпионаты мәресіне жетті

0
143

Азияның 13 елінен 150-ге жуық балуан қатысты.


ТҮРКІСТАН: Қазақ күресінен Азия чемпионаты мәресіне жетті

Түркістан төрінде қазақ күресінен Азия чемпионаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркі дүниесінің рухани ордасы – Түркістан қаласында өткен ересектер арасындағы қазақ күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Дүбірлі додада құрлықтың түкпір-түкпірінен келген мықтылар боз кілемде бақ сынап, өз салмақ дәрежелерінде үздіктерді анықтады.


Биылғы біріншілікке Азияның 13 елі – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Үндістан, Жапония, Иран, Моңғолия, Пәкістан, Непал, Филиппин, Бангладеш және Қазақстаннан барлығы 150-ге жуық балуан қатысып, жанкүйерлерге тартысты белдесулер сыйлады.


Жарыс нәтижесінде Қазақстан құрамасының ерлер және әйелдер құрамасы 10 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының балуандары ел намысын абыроймен қорғады. Үш спортшының екеуі чемпион атанып, бірі күміс жүлдегер болды. Атап айтқанда, 82 келі салмақ дәрежесінде Кәрім Асылжан мен +100 келідегі Қайсар Шамшидинов алтын медаль иеленсе, әйелдер арасындағы бәсекеде 70 келіде сынға түскен Ақбота Қыдырәлі күміс жүлдеге қол жеткізді.


Осылайша түркістандық балуандар туған топырақта өткен Азия чемпионатында жоғары нәтижемен көзге түсіп, қазақ күресінің абыройын тағы бір мәрте асқақтатты. Ал Түркістан қаласы халықаралық деңгейдегі спорт орталығына айналып келе жатқанын тағы бір дәлелдеді.

Бөлісу