Түркістан қаласының дизайн коды таныстырылды

0
146

Дизайн код 8 тарау мен 118 тармақшадан тұратын талаптар кешенін қамтиды.


Түркістан қаласының дизайн коды таныстырылды

Бүгін «Алатау медиа» орталығында «Түркістанның дизайн коды» тақырыбында брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Брифинг барысында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дизайн код ресми түрде таныстырылып, оның негізгі бағыттары мен талаптары түсіндірілді.


Дизайн код 8 тарау мен 118 тармақшадан тұратын талаптар кешенін қамтиды. Онда жалпы ережелер, сәулет және қала құрылысына қойылатын негізгі талаптар, сыртқы көрнекі ақпарат, көше навигациясы жүйелері, көше жиһазы, ғимараттардың қасбеттері, қоршаулар және қалалық кеңістікті жарықтандыру мәселелері қамтылған.


Жобаның басты мақсаты – Түркістан қаласының мәдени мұрасын сақтай отырып, сәулет-көркемдік тұрғыда бірыңғай стиль қалыптастыру және қолайлы қалалық орта құру.


Жобаның негізгі міндеттері ретінде қаланың тарихи және жаңа құрылыстары арасында үйлесімділік орнату, ғимараттардың қасбеттеріне бірыңғай сәулет-көркемдік талаптарды енгізу, әлеуметтік осал топтар үшін қолжетімді орта жасау, экологиялық және технологиялық шешімдерді қолдану және қолданыстағы нормативтік базаны жаңғырту көзделіп отыр.


Брифингте жаңа Дизайн кодтың заманауи талаптарға сай екенін, тарихи мұраға зиян келтірмей, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған маңызды құжат екені айтылды.


Жиын соңында спикерлер Дизайн кодтың іске асырылу тетіктері, қала құрылысына ықпалы және оның тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін маңызы туралы қойылған сұрақтарға жауап берді.

Бөлісу