Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, атқарылып жатқан тірліктерді баяндады.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Келес ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жұмыс сапарымен Келес ауданына барып, аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері және жастармен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – халықпен ашық диалог орнату және пікір алмасу. Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, атқарылып жатқан тірліктерді баяндады.
Кездесу барысында қатысушылар әкім орынбасарына ашық сауалдар қойып, мәселелер көтерді. Тұрғындар тарапынан ел тұтастығын сақтау, инфрақұрылым, ауыз су мен жол сапасы, газдандыру, білім мен денсаулық сақтау саласы бойынша және жастарды жұмыспен қамту сынды бірқатар маңызды мәселелер айтылды. Сонымен қатар зиялы қауым өкілдері ел болашағы мен ауданның әлеуетін арттыру жайында ой қозғаса, жастар мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен мүмкіндіктерге қатысты сауалдарын қойды.
Кездесуден соң Ертай Кенжебекұлы жергілікті атқарушы билік пен құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен мәжіліс өткізді. Онда қоғамдық-саяси ахуалдың жай-күйі сараланып, этносаралық ынтымақ пен бірлікті нығайту жолдары пысықталды. Сондай-ақ күн тәртібіндегі Шұқырсай елді мекенінде тіркелген нақты кемшіліктер, шешімін күткен мәселелер талқыланып, әр сала бойынша сын-ескертпелер айтылды. Облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға жұмысты жандандыру жөнінде тапсырма берді.
Айта кетсек, алдағы уақытта дәл осындай ашық форматтағы кездесулер жалғасын табады.