ТҮРКІСТАН: Денсаулық сақтау саласында ауқымды жобалар іске асырылып жатыр

0
149

Облыс халқының 83%-ы сақтандырылып, 351 мыңнан астам адам (17%) МӘМС жүйесімен қамтылмаған.


ТҮРКІСТАН: Денсаулық сақтау саласында ауқымды жобалар іске асырылып жатыр

Түркістан облысында Президент тапсырмалары аясында әлеуметтік қолдау және денсаулық сақтау саласында ауқымды жобалар іске асырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде Түркістан облысында әлеуметтік қолдау және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мәлімдеді.


Өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін кезең-кезеңімен жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Облыс халқының 83%-ы сақтандырылып, 351 мыңнан астам адам (17%) МӘМС жүйесімен қамтылмаған. Олардың қатарында 85 мыңнан астамы – жұмыссыз, әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Жергілікті бюджет есебінен бұл азаматтарды МӘМС-пен қамту жұмыстары жүргізілуде.


Түркістан облысында 24 мыңнан астам медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетеді. Дегенмен, білікті медицина мамандарының тапшылығы әлі де өзекті. Қазіргі таңда өңірде 253 бейінді дәрігер жетіспеушілігі бар. Білікті маман тапшылығын шешу үшін 2023 жылдан бастап жыл сайын жоғары білімнен кейінгі оқу орындарына дәрігерлерді резидентурада даярлау үшін жергілікті бюджет есебінен гранттар бөлінуде. Қазіргі таңда 2023-2024 жылдары оқуға түскен 176 резидент Астана, Алматы, Қарағанды және Түркістан қаласында орналасқан медицина университеттерінде білім алуда. Ал биыл медициналық кадрларды даярлауға 75 грант бөлініп, толық игерілді.


Сонымен қатар ауылдық жерлерге барған жас мамандарға 1–1,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы және аса тапшы мамандықтар бойынша 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған.


Жолдауда көрсетілген Президент тапсырмаларын орындау мақсатында өңірде ірі медициналық нысандар салынып жатыр. Атап айтқанда, Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданында 200 орындық перинаталдық орталық құрылысы жобасы жүзеге асырылады. Абу-Даби қорының (19 млн АҚШ доллары) қаржыландырылуымен Түркістан қаласында жаңа перзентхананың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ сенімгерлік басқаруға беру жобасымен Сауран ауданында 500 адамға қызмет көрсетуге арналған емхана құрылысы жоспарлануда.


Түркістан облысында әлеуметтік әл-ауқатты арттыру, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды басты басымдық ретінде қарастырып, нақты нәтижелерге қол жеткізді.

Бөлісу