ТҮРКІСТАН: Денсаулық сақтау министрі медициналық мекемелердің жұмысымен танысты

0
106

Балаларға арналған стационарлық бөлімдерде емделушілердің жағдайы, күтім мен бақылау деңгейі, мамандардың біліктілігі де бағаланды.


ТҮРКІСТАН: Денсаулық сақтау министрі медициналық мекемелердің жұмысымен танысты

Денсаулық сақтау министрі Түркістан облысында медициналық мекемелердің жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Сапар барысында өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметімен танысып, сала мамандарымен кездесулер өткізді.


Министр ең алдымен Түркістан облыстық жедел жәрдем станциясына барып, мекеменің материалдық-техникалық базасын көріп шықты. Жедел жәрдем көліктерінің жарақтандырылуы, шақыртуларды қабылдау және өңдеу жүйесі, бригадалардың дайындық деңгейі секілді маңызды бағыттар назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметінің фельдшерлері мен диспетчерлік құрамымен тілдесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Министр жедел жәрдем қызметі халық денсаулығы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, қызметкерлерге алғысын білдірді.


Сапар одан әрі Түркістан қалалық балалар ауруханасында жалғасты. Министр аурухананың бөлімдерін аралап, емдеу-диагностикалық кабинеттердің жұмысымен, заманауи медициналық жабдықтармен, пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасымен танысты. Балаларға арналған стационарлық бөлімдерде емделушілердің жағдайы, күтім мен бақылау деңгейі, мамандардың біліктілігі де бағаланды.


Аурухана ұжымымен кездесу барысында министр қазіргі денсаулық сақтау саласындағы негізгі міндеттерге тоқталып, ана мен бала денсаулығын қорғау, профилактикалық шараларды күшейту, медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар, министр көтерілген мәселелерді жеке бақылауына алып, тиісті тапсырмалар беретінін жеткізді.


Министр сапар қорытындысында Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған нақты қадамдар жалғасатынын, ал халыққа сапалы, қолжетімді медициналық көмек көрсету басты басымдық екенін ерекше атап өтті.

Бөлісу