Демалыс орындарында қоқыс жәшіктерін орналастыру үшін арнайы орындарды бекітілді.
Түркістан облысындағы демалыс аймақтарында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының Түркістан облысы әкімдігі бекіткен іс-шаралар жоспарының "Эко акция" кезеңіне сәйкес, Төлеби ауданының Қасқасу, Ақмешіт, Біркөлік және Тұрбаз демалыс аймақтарында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Тазалық жұмыстарына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Лесбек Әуезханұлы бастаған 800-ден астам тұрғын – мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар және еріктілер қатысты. Қатысушылар демалыс орындарына апаратын жол бойын, арық-атыздарды және табиғат аясын қоқыстан тазартты. Сондай-ақ Түркістан облысы Полиция департаментімен бірлесе демалыс аймақтарында тұрғындармен және қонақтармен әңгімелесіп, табиғатқа шыққаннан кейін қоқысты өзімен бірге алып кетіп, арнайы орындарға тастау – мәдениеттіліктің және қоршаған ортаға құрметтің белгісі екенін атап өтті.
Профилактикалық іс-шараға Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Б. Айтпаев, Төлеби аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғ.Қуашбаев, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Е.Усербаев және Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Қ.Рахишев қатысты.
Демалушыларға экологиялық мәдениетті сақтау, қоқысты тастамау және табиғатты аялау бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 400 қап тегін таратылды. Демалыс орындарында қоқыс жәшіктерін орналастыру үшін арнайы орындарды бекітілді. Тазалық акциясы кезінде дауысзорайтқыштар арқылы ескертулер жасалып, ал ескертуге бағынбаған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын жеткізілді.
Жеті техниканың көмегімен жиналған қоқыстар арнайы орындарға шығарылып, жол жиектері мен арық жүйелері арамшөптерден тазартылды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды бұзғандарға ескерту беріліп, айыппұл салу шаралары жүргізілді.
Тапсырмаға сәйкес, Қасқасу демалыс аймағына баратын жол бойына шлагбаум орнатылды. Бұл – көліктердің бақылаусыз кіруін шектеу және табиғи аумақтың экологиялық тәртібін сақтау мақсатында қабылданған шара.
Мұндай сенбіліктер аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатты қорғауға және қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді. Бұл бастама жыл бойы жалғасын табады.