7 айының қорытындысымен 528,3 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға тапсырылды.
Биыл Түркістан облысында 1 млн 60 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылмақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Түркістан облысы бойынша 1,060 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға тапсыру жоспарланған. Осы жылдың 7 айының қорытындысымен 528,3 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға тапсырылды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 115%-ды құрады. Бұл туралы облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Облыс әкімі бюджет қаражатына сатып алу жоспарланған тұрғын үйлердің құрылыс сапасына аудан-қала әкімдіктері тарапынан бақылауды күшейту қажет екенін айтып, жауапты басшыларға бірқатар міндет жүктеді.
Жиында Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрханов облыстағы арендалық және кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда өңірде кредиттік 2138 пәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде, Түркістан қаласында 1182 пәтерлі 17 тұрғын үй және Кентау қаласында 60 пәтерлі 1 тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Қалған 12 тұрғын үйді қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда. Бұлпәтерлерді «Отбасы банк» арқылы кезектегі азаматтарға сату көзделген. Сонымен қатар 296 пәтерлі 6 арендалық тұрғын үй салынуда.
Одан бөлек, 578 арендалық және 2015 кредиттік пәтерлер сатып алу көзделген. Бүгінде Түркістан қаласынан 84 пәтер сатып алынды. Қалған 494 пәтер жоспарға сәйкес қараша айына дейін сатып алынуы тиіс. Ал,кредиттік пәтерлерді сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, өңірде жоспардан тыс 2 322 пәтердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл пәтерлердің құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Түркістан облысында халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады.