ТҮРКІСТАН: Білім ордаларының құрылысы қатаң бақылауда

0
52

Жауапты мердігерлерге мерзімді қатаң сақтау туралы ескерту жасалды.


ТҮРКІСТАН: Білім ордаларының құрылысы қатаң бақылауда

Бейсенбай Тәжібаев пен салалық басқарма өкілдері апта сайын аудан, қалалардағы нысандарды аралап, жұмыстың сапасы мен мерзімін тексеруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында білім беру және басқа да әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстары ерекше мәнге ие. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жаңа оқу жылына дайындықты сапалы әрі уақтылы аяқтау үшін барлық жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Құрылыстың әр кезеңі мен жұмыс қарқыны облыс әкімінің тікелей қадағалауында. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен салалық басқарма өкілдері апта сайын аудан, қалалардағы нысандарды аралап, жұмыстың сапасы мен мерзімін тексеруде.


Бұл жолғы іссапар Жетісай ауданындағы жаңғыртудан өтіп жатқан мектептерден басталды. Биыл аудандағы 3 елді мекенде орналасқан 3 мектеп реновация тізіміне енгізілген. Бейсенбай Дәулетұлы мектептерді толық аралап, жөндеу жұмыстарын пысықтады. Құрылыс мамыр-маусым айларында басталып, жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқталуы тиіс. Жауапты мердігерлерге мерзімді қатаң сақтау туралы ескерту жасалды.


Алдымен Қазыбек би ауылдық округіндегі 1976 жылы салынған, жобалық қуаттылығы 536 орындық №17 Түркістан мектебі тексерілді. Қазір мұнда 594 оқушы тіркелген. Мердігер – «Construction Group «SAMRUK» ЖШС. Жоба 2026 жылға өтпелі болғанымен, алғашқы кезеңдегі жұмыстар биылғы оқу жылының басына дейін дайын болуы керек.


Әден ата ауылындағы №40 «Ынтымақ» ЖББМ қосымша ғимараты 1969 жылы салынған (140 орын), негізгі ғимараты 2012 жылы пайдалануға берілген (300 орын). Қазір мектепте 532 оқушы оқиды. Мердігер – «Адина-СтройПроект» ЖШС. Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеден кешікпеуі үшін қосымша бригадалар жұмылдырылу тапсырылды.


Алмалы ауылындағы 2011 жылы салынған, 380 орындық №65 «Достық» ЖББМ де реновациядан өтуде. Қазір 486 оқушы оқиды. Мердігер – «ЕвроРемонтСервис» ЖШС. Облыс әкімінің орынбасары мектептерді аралап, жан-жақты жұмыс күшін күшейтіп ғана қоймай, сапалы аяқтау керектігін алға тартты


– Әр нысанның сапалы әрі уақтылы аяқталуы – біздің басты міндетіміз. Бұл – балалардың қауіпсіздігі мен жайлы білім алуы үшін істеліп жатқан жұмыс. Әр мектепке жанашырлықпен қарау керек. Мердігерлердің жауапкершілігі жоғары болуы шарт, ал біз құрылыс барысын өз бақылауымызда ұстаймыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы.


Шардарада екі мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерілді. С.Қаттабеков және Ш.Уәлиханов атындағы білім ошақтарында 60 жұмысшы құрылысқа тартылған. Жылу, электр, су жүйелерімен қамту, ішкі әрлеу, кафельдеу, шатырларын ауыстыру, едендерді бетондау, терезелер орнату жұмыстары жалғасуда.


Жұмыс сапары Мақтаарал ауданындағы қайта жаңғырудан өтіп жатқан білім ордаларын аралаумен жалғасты. Мақтаарал ауданы, Ақжол ауылында орналасқан №25 Жаңа жол жалпы білім беретін мектебіне келген облыс әкімінің орынбасары күрделі жөндеудің ахуалымен танысты. Білім ордасында 50 адам жұмыс жүргізуде. Алайда оқу жылына үлгеру үшін жұмысшылар санын көбейту қажет. Мектептің есік-терезесі толықтай жаңарады. Әзірге 70%-дан астам жұмыс біткен.


Мырзакент кенті, №1 Мырзакент мектеп-гимназиясында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 3-қабаттағы жұмыстар 87 %, екінші қабаттағы жұмыстар 80% аяқталуға жақын. Бұл мектепте де есік-терезесі толықтай жаңарады.


Сапар соңында Атакент кентінде орналасқан, О Бапышев атындағы №8 мектеп пен №5 Мақтаарал мектеп-гимназиясындағы жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Электр желісін тарту жұмыстарының өзі толық аяқталмаған. Білім ордасының шатыры толық ауыстырылды. Бейсенбай Дәулетұлы мердігер мекемелерге сапаны бірінші орынға қойып, жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.

Бөлісу