Қазіргі уақытта облыстағы 1259 мемлекеттік білім беру мекемесінің 827-і жедел басқару орталығына қосылған.
Түркістан облысында білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен қамту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында білім беру ұйымдарын Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жүйелі атқарылып келеді. Бұл – Мемлекет басшысының білім беру ұйымдарын 100% қауіпсіздік жүйелерімен қамту жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған маңызды қадам.
Осы мақсатта арнайы мәжіліс өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Білім басқармасы басшысының м.а. Ғалымжан Орынов, Полиция департаменті бастығының орынбасарлары Бағланбек Айтпаев, Мұрат Естемесов, сондай-ақ облыстық Цифрландыру басқармасы мен байланыс операторлары қатысты. Жиында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелерінің тиімділігі талқыланып, жедел басқару орталығына қосу мәселесі сөз болды.
Қазіргі уақытта облыстағы 1259 мемлекеттік білім беру мекемесінің 827-і жедел басқару орталығына қосылған. Дабыл түймелері – 100% орнатылса, турникет жүйесі мен арнайы күзет қызметі толық қамтамасыз етілді. Жекеменшік секторлардағы мыңнан астам мекемеде дабыл батырмасы бар. 65 жекеменшік мекеме турникет жүйесін қойса, 500-ге жуық ғимаратта арнайы күзет қызмет етеді.
Облыстағы мектепке дейінгі ұйымдар террористік тұрғыдан осал объектілер тізімінде. Мемлекеттік балабақшалар жедел басқару орталығына цифрландыру басқармасының бюджеті есебінен қосылуда. Бүгінде 15 балабақша қосылды. Ары қарай кезең-кезеңімен балабақшалар бақылау жүйесіне қосыла бермек.
Жиынға Бейсенбай Дәулетұлы төрағалық етіп, балалардың қауіпсіздігін назарға ала отырып, бақылауға қосылмаған мекемелердің мәселесін жуық арада шешуді тапсырды.
«Бала қауіпсіздігі – біздің ең басты міндетіміз. Әрбір білім беру ұйымы толыққанды қауіпсіздік жүйесімен жабдықталуы тиіс. Жедел басқару орталығына қосылмаған мекемелердің мәселесін созбалаңға салмай, ең қысқа мерзімде шешуіміз қажет. Бұл – ата-аналардың сенімі мен балалардың алаңсыз білім алуына кепілдік беретін басты шарт. Сондықтан барлық жауапты органдар үйлесімді жұмыс жасап, техникалық және ұйымдастырушылық кедергілерді дер кезінде жоюы керек», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыстық Білім басқармасы, Полиция департаменті және Цифрландыру басқармасы үшжақты жоспар аясында бұл мәселені кезең-кезеңімен шешуде. Мақсат – әр баланың қауіпсіз білім алуы мен тәрбиеленуін толық қамтамасыз ету.