ТҮРКІСТАН: Бәйдібектегі мектептердің құрылысы тексерілді

0
100

Биыл 5 елді мекендегі 5 мектеп реновация тізіміне енгізілген.


ТҮРКІСТАН: Бәйдібектегі мектептердің құрылысы тексерілді

Бәйдібек ауданында жаңғыртудан өтіп жатқан мектептердің құрылыс барысы тексерілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға жаңа оқу жылына дайындықты күшейтуді, білім ұяларының құрылысы мен жөндеу жұмыстарын қатаң қадағалауда ұстауды тапсырған болатын. Осы бағытта облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен жауапты басқарма өкілдері апта сайын аудан, қалалардағы мектептердің дайындығын зерделеп жүр.


Бұл жолы облыс әкімінің орынбасары Бәйдібек ауданындағы жаңғыртудан өтіп жатқан мектептерге барды. Биыл 5 елді мекендегі 5 мектеп реновация тізіміне енгізілген. Құрылыс жұмыстары мамыр-маусым айларында басталды. Жаңа оқу жылында толық аяқталып, ауыл балаларының игілігі үшін пайдалануға берілуі тиіс.


Боралдай ауылындағы С.Ерубаев мектебі 1983 жылы салынған. 960 орындық ғимаратта 634 бала оқиды. Білім ошағы ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Борлысай ауылдық округінде орналасқан 200 орындық Ақтас мектебіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Ғимараттың құрылысы келер жылға өтпелі. Жарықбас ауылындағы 176 орынға арналған Л.Өтешов атындағы білім ұясы мен Мыңбұлақ ауылдық округіндегі 310 орындық Қайнар мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алған. Қарашаға дейін жалғасады. Шаян мектеп-лицейіндегі ағымдағы жөндеу тиянақты атқарылуда. Нысан 660 орынға лайықталған.


Бейсенбай Дәулетұлы білім нысандарындағы жөндеу жұмыстарын бақылап, жауапты тұлғаларға бірқатар ескертулер жасады. Біразына ортақ бір мәселе – жұмысшылар санының аздығы. Жұмыс күшін тиімді пайдаланбауда. 30-дан 70-ке дейін көбейтулері керек.


– Біздің басты талабымыз – құрылысты сапалы жүргізу және бекітілген кестеге сай бітіру. Жауапкершілігі жоқ, балалардың болашағына салғырт қарайтын мердігер мекемелерді аяп қалмаймыз. Өкінішке қарай, арасында ондай компаниялар кездесіп отыр. Заң аясында тиісті шараларды дереу қабылдап, айыппұл салынады. Сотқа дейін жеткізбей артылған міндетті орындаулары қажет, – дейді облыс әкімінің орынбасары.


Атап өтерлігі, С.Ерубаев және Шаян мектептерінің маңында жаңа жабық футбол алаңшасы бой көтерген. Біреуі ашылуға дайын тұр. Алдағы уақытта оқушыларды спортқа баулуға, іс-шаралар өткізуге және «Art sport» мемлекеттік бағдарламасын енгізуге әбден лайық.


Іссапар барысында «Тау шыңы» демалыс аймағы да назардан тыс қалмады. Бұған дейін аудан балалары басқа аумақтардағы жазғы сауықтыру лагерьлеріне жіберілсе, модульді лагерьлер салынғалы осында тынығуда. Бүгінде 330-дан астам оқушы табиғат баурайында балалық шағын қызықты өткізуде. Облыстағы әлеуметтік нысандарды аралау, зерделеу, қадағалау жұмыстары жалғасады.

Бөлісу