ТҮРКІСТАН: Бәйдібек ауданын дамытудың жаңа бағыттары айқындалды

0
111

Облыс әкімі туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсартуға, тазалық пен қызмет көрсету сапасына ерекше мән беруді тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Бәйдібек ауданын дамытудың жаңа бағыттары айқындалды

Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданын дамытудың жаңа бағыттарын айқындады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Бәйдібек ауданына барып, аудан активімен маңызды кездесу өткізді. Жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен негізгі проблемалар, сондай-ақ олардың шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Аймақ басшысы ауылдық округ әкімдері мен басқарма жетекшілеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, ауданның даму бағытын айқындап берді.


Кездесуде мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына жан-жақты талдау жасалды. Облыс әкімісалық түсімдерін арттыру, кірістерді заңдастыру, ауылдық округтердің қаржылық тәуелділігін азайту, сондай-ақ жергілікті жобаларды іске асыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіштердің төмендігі ерекше назар аударуды қажет етеді. «Өзін-өзі қамтамасыз ету жол картасы» аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар да мардымсыз деп бағаланды.


Облыс әкімі актив отырысында жетістіктерден бұрын, нақты мәселелерге басымдық беру қажеттігін айтты. Ауыл әкімдерінің жұмысын сынға алып, көрсеткіштері төмен округтердің басшыларынан жеке-жеке жауап алды. Мал шаруашылығы мен өзге де экономикалық индикаторлардың орындалуы бойынша нақты мәліметтер талап етілді.


– Бюджетке тәуелділікті біртіндеп азайту қажет. Әрбір ауылдық округ әкімдері нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс. Экономиканы әртараптандыру – стратегиялық міндет. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тек өз жұмысына салғырт қарауға болмайды, – деді Нұралхан Көшеров.


Ол сондай-ақ инвесторларды тарту үшін белсенді әрекет қажет екенін, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы жұмыс орындарын көбейту керектігін баса айтты. Кездесу барысында Бәйдібек ауданының туризм саласындағы әлеуеті де кеңінен сөз болды. Облыс әкімі туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсартуға, тазалық пен қызмет көрсету сапасына ерекше мән беруді тапсырды.


– Бәйдібек – табиғи, тарихи, рухани бай мұраға ие өлке. Бұл – туризмді дамытуға зор мүмкіндік. Әр аудан өз брендін қалыптастырып, соған сай даму жолын айқындауы қажет, – деді облыс басшысы.


Облыс басшысы жиын соңында ауданның санитарлық жағдайына да тоқталды. Арнайы тексерулер жүргізілетіні, нәтижесінде тазалық жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмаған ауыл округтерінің әкімдеріне тәртіптік шаралар қолданылатыны ескертілді.


Кездесуді қорытындылаған Нұралхан Көшеров барлық деңгейдегі басшыларды бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Мәслихат депутаттарына аудан әкімдігімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды қолдауға белсене араласу, өз округтеріндегі әлеуетті жобаларды зерделеу міндеті жүктелді.


Бәйдібек ауданының даму жолы айқын. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және инфрақұрылым – ауданның негізгі тірек салалары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижеге бағытталып, әрбір ауылдық округ әкімінің жауапкершілігі күшейтіледі. Ендігі міндет – тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындау арқылы аудан халқының тұрмыс сапасын арттыру.

Бөлісу