ТҮРКІСТАН: «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 142 елді мекенде жұмыстар жүргізіледі

0
113

Индикаторлардың орындалуы бойынша арнайы зерделеу жүргізіледі


ТҮРКІСТАН: «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 142 елді мекенде жұмыстар жүргізіледі

Түркістан облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 142 елді мекенде жұмыстар жүргізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 142 елді мекенде 140 жобаны (54 – өтпелі, 86 – жаңа жобалар) іске асыруға 21,8 млрд. теңге бөлінді. Атап айтқанда, осы қаржы арқылы 7 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 17 спорт нысанының құрылысы және 1 спорт мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. 10 мәдениет нысаны салынып, 6 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен бірге 2 ауыз су нысаны күрделі жөндеуден өтіп, 7 электр қуатымен жабдықтау нысанының құрылысы жүреді. 90 жоба ішкі көшелерді орташа жөндеуге бағытталған.


Аталған жоба аясындағы жұмыстар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауаптыларға міндеттерін сапалы атқаруды тапсырды.


– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясындағы жұмыстарды уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырамын. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту керек. Әрбір жоба зерделеніп, қадағаланады. Жалпы облыс аумағындағы құрылыс нысандарының бәрі бақылауда тұр. Облыстық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері жұмысты ширатып, сапалы атқарсын. Аймақты дамыту жоспары, индикаторлардың орындалуы бойынша арнайы зерделеу жүргізіледі, – деді Нұралхан Көшеров.


Мәжілісте өңірді ауыз сумен қамту және «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру мәселелері де талқыланды. Түркістан облысындағы қалалар ауыз сумен толық қамтылса, ауылдардың қамту көрсеткіші жыл сайын ұлғайып келеді. Арыс, Шардара, Ленгір, Сарыағаш қалаларындағы ауыз су жүйелерін реттеу мәселесі айтылып, тиісті ұсыныстар берілді. Ауыз сумен қамту бойынша облыста 63 жоба жүзеге асырылуда. Оның 7-еуі қалада болса, 56 жоба ауылдарда жүзеге аспақ. Биыл 36 жоба жүзеге асып, 30 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылса, 7 елді мекеннің су құбырлары жаңартылады. 2 елді мекенге су құбырлары салынады.


Облыста «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 29 мектептің құрылысы жоспарланса, бүгінде 13 мектеп тапсырылған. 9 мектепте оқу процесі басталған. Биыл қалған 16 мектеп тапсырылады деп күтіліп отыр. Білім ұяларының құрылысы облыс әкімінің қатаң бақылауына алынған. Мектептерді білікті басшылармен және ұстаздармен қамту жұмысы да назарда тұр.

Бөлісу