ТҮРКІСТАН: «Amanat» алаңында ашық диалог өтті

0
118

Мәслихат төрағалары бұқаралық ақпарат құралдары алдында есеп берді.


ТҮРКІСТАН: «Amanat» алаңында ашық диалог өтті

«Amanat» алаңында ашық диалог өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы алаңында өткен брифингтің кезекті қонақтары – Арыс қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Ордабасы аудандық мәслихатының төрағасы Бақдаулет Жұмабеков жыл басынан бергі атқарған жұмыстары және Сайлауалды бағдарламаның орындалуы барысында бұқаралық ақпарат құралдары алдында есеп берді.


Арыс қалалық мәслихатының төрағасы Қайрат Ахметов мәслихаттағы 13 депутаттың 10-ы «AMANAT» партиясының мүшесі екенін атап өтті. Жыл басынан бері мәслихаттың сессияларында 48 шешім қабылданып, түрлі сала бойынша 96 депутаттық сауал жолданған. Сауалдардың орындалуы тұрақты бақылауға алынған.Сондай-ақ, республикалық деңгейдегі мәселелер бойынша Парламенті Сенаты мен Парламент Мәжілісіне депутаттық сауалдар мен хаттар жолданып, тиісті шешімдер қабылданған.


Қайрат Төрегелдіұлы аймақтағы партия филиалымен бірлесіп атқарылған жұмыстарға тоқталып, партиялық ұйымдардың белсенділігін ерекше атап өтті.Бүгінде Арыста 5000-нан астам партия мүшесін біріктірген 15 бастауыш партия ұйымы бар. Олардың барлығы арнайы кабинеттермен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қаладағы төрт нысанға партиялық бақылау бекеттері орнатылып, олардың құрылысы тұрақты мониторингте.


Сайлауалды бағдарлама аясында салынған Отырар тұрғын ауданындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беруге дайын. Ал Тараз тұрғын ауданындағы 600 орындық мектеп жаңа оқу жылында өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, Ақдала және Байырқұм ауылдық округтерінде салынған заманауи спорт залдарға да партиялық бақылау бекеттері қойылған. Ақдаладағы спорт зал құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілмек.


Ордабасы аудандық мәслихатының төрағасы Бақдаулет Жұмабеков партияның 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында қабылданған Жол картасының 58 тармағының биылғы жылы 48 іс-шарасы жоспарланғанын, оның 30-ы толық орындалғанын хабарлады.


Ол өз сөзінде аймақ үшін маңызды жобалардың бірі — «Боралдай» су қоймасын салу мәселесіне тоқталды.


«Ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты суарумен қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ауданда «Боралдай» су қоймасын салу көзделген. Қазіргі таңда 23 жер пайдаланушымен келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде 7 жер телімі өз еркімен, 2 жер сот тәртібімен мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған 14 жер учаскесі бойынша сот процесі жүріп жатыр», — деді ол.


Бұл жоба іске асқан жағдайда Ордабасы, Арыс, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласындағы 67 мың гектарға жуық суармалы жердің ағын сумен қамтамасыз етілуі айтарлықтай жақсарады. Сондай-ақ, суару маусымында «Бөген» су қоймасына қосымша су босатылмақ.


Ордабасы аудандық мәслихатында 18 депутаттың 16-сы — «AMANAT» партиясының мүшесі. Депутаттар жыл басынан бері 92 депутаттық сауал жолдап, олардың орындалуын бақылап келеді. Сонымен қатар, мәслихат төрағасының бастамасымен депутаттар 10 ауылдық округке барып, тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдап жүр. Мандат иелері әлеуметтік қолдау шараларына да белсене қатысып, соғыс ардагерлері мен аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға қамқорлық көрсетіп, көмек қолын созып келеді.


Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Арыс және Ордабасы өңірлеріндегі өзекті мәселелерге қатысты сауалдар қойды. Журналистер тас және құм тасымалдайтын жүк көліктеріне қойылған талаптардың күшеюі, салдарынан құрылыс материалдарын жеткізудегі қиындықтар, сондай-ақ Арыс қаласындағы кейбір ауылдарда табиғи газ қосылғанымен, тұрғындардың оны пайдалана алмауы сынды түйткілдерді көтерді. Сонымен қатар, Ордабасы ауданындағы сақалды құрылыстардың жай-күйі және Шұбарсу ауылындағы газдандыру жұмыстарының барысы талқыланды.


Мәслихат төрағалары барлық сұрақтарға нақты әрі толық жауап беріп, мәселелердің орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.

Бөлісу