Басқосуда қос ауданның ауыл әкімдері мен жауапты сала мамандарынан егіс алқаптарының нақты суғару жағдайы туралы жеке-жеке сұрап, әр ауылдық округ бойынша жағдайды егжей-тегжейлі зерделеді.
Түркістан облысында бүгінде ағын су жетіспеушілігін шешу мақсатында тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Экономикасының негізгі бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрайтын Түркістан облысында бүгінде ағын су жетіспеушілігін шешу мақсатында тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Дегенмен, көршілес елдерден бастау алатын шаруашылық суына деген сұраныс әлі де өзекті.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудандарды аралап, жергілікті шаруалармен және су қауымдастықтарының басшыларымен кездесулер өткізуде. Жетісай ауданына жасалған кезекті жұмыс сапарында облыс әкімінің орынбасары Жетісай және Мақтаарал аудандарының ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен, аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларымен және ауыл әкімдерімен кеңейтілген мәжіліс өткізді. Басқосуда қос ауданның ауыл әкімдері мен жауапты сала мамандарынан егіс алқаптарының нақты суғару жағдайы туралы жеке-жеке сұрап, әр ауылдық округ бойынша жағдайды егжей-тегжейлі зерделеді. Жұмыс қарқынын сынға алып, нақты тапсырмалар берді. Өзекті мәселелермен танысып, шешу жолдарын қарастырды. Ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
– Сіздердің жұмыстарыңыз бәсеңсіген сайын, шаруалардың мол өнімге қол жеткізу мүмкіндіктері азая түседі. Сондықтан, күн-түн демей егістік басында болыңыздар, қажет болған жағдайда демеушілердің есебінен де, шаруалардың өздерін жұмылдыру арқылы да насостар орнатыңыздар. Қолда бар ресурстарды толықтай пайдаланып, дихандардың сұранысын қысқа мерзімде қанағаттандырыңыздар, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Биыл 44 431 га егістік алқапқа мақта шиті себілген Жетісай ауданында 32 771 га жер толық суғарылған. Бұл мақталық алқаптың 74 пайызын құрайды. 11 660 га егістік ағын суға мұқтаж.
Аудан шаруаларының ағын суға деген сұранысы 42,85 м3/сек болғанымен, қазіргі мүмкіндік «Достық» магистралды каналынан келетін 24,05 м3/сек пен «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналынан машиналық әдіс арқылы жеткізіліп отырған 11,80 м3/сек аспай отыр.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналынан машиналық әдіспен өндіріп отырған 4 насосқа қосымша тағы 2 насосты қосуды, ішкі жүйелерде су сорғы құралдарын көбейтуді, техникалық қолдауларды барынша арттыруды тапсырды. Берілген тапсырмалар орындалмаған жағдайда, жауапты сала басшыларына қатаң шара көрілетінін ескертті. Жұмыс барысы қатаң бақылауда болады.