1 айда 4148 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Биыл Түркістан облысында 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Түркістан облысында «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Оның ішінде, 83 554-і – тұрақты, 47 215 уақытша жұмыс орны. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен бұл саладағы жұмыстар қатаң бақылауға алынған.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қорғау саласында 2025 жылдың 4 айында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.
Жиында Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Казанкапов халықты жұмыспен қамту саласындағы 4 айда атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту бойынша 7883 жұмыс орнын ашу жоспарланып, 12031 жұмыс орны құрылған. Нәтижесінде, 1 айда 4148 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында 1747 жұмыс орны ашылып, 1 айдың ішінде 775 жаңа жұмыс орны ашылды. Ұлттық жобалар аясында 321 азамат жұмыспен қамтылды. Дегенмен, Ұлттық жобалар аясында Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Отырар аудандарында тиісті жұмыстар атқарылмаған. Биыл уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 32 465 азаматты жолдау жоспарланып, бүгінде 19 447 азамат жолданған.
Облыс әкімінің орыбасары жұмысты жандандыруды тапсырып, жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.
– Жұмысты күшейтіңіздер. Оған толық мүмкіндік бар. Аудан, қала әкімдері, бекітілген индикаторлардың орындалуы қатаң бақылауда болсын. Субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушы азаматтардың еңбек тәртібін сақтауы, жұмыс берушілердің нақты жұмыс істеуін зерделеу жұмыстарын жалғастыру керек. Мемлекет қаражатын талан-таражға салуға жол берілмейді. Облыс деңгейінде бекітілген квоталарды жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Жұмыс алгоритімін жасаңыздар. Тұрақты түрде жағдайды баяндап, мәселелерді көрсетіп, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Жұмыс тоқтап қалмау керек, – деген Бейсенбай Тәжібаев кемшіліктер орын алған жағдайда, жауапты басшыларға шара көрілетінін ескертті.
Әлеуметтік қорғау саласындағы индикаторлардың орындалуы туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, биыл аз қамтылған азаматтардың санын 20 пайызға төмендету межеленген. Әр тоқсанға бөлінген жоспар негізінде жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың 4 айында 49 037 адамға, яғни 7 995 отбасына АӘК тағайындалып, төленді. Кедейлік деңгейі 2,3%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1%-ға төмендеген. Ал АӘК алушылардың саны 45 713 адамға немесе 48,2%-ға азайған.
Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары жүйелі түрде жалғасады. Жұмыс барысы бақылауда болады.