Жалпы 7 техника жұмылдырылып, 14 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Сарыағаш ауданында тазалық жұмыстарына 2 мыңға жуық адам атсалысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында ауқымды сенбілік жұмыстары өткізіліп, республикалық маңызы бар А-15 тас жолының бойы, облыстық және аудандық маңызы бар тасжолдарының бойы мен ішкі көшелерде тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілді.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев елді мекендерді арнайы аралап, жұмыс барысын бақылады. Аудан әкімінің бастамасымен өткізілген тазалық жұмыстарының барысында көшелердің бойында жинақталған бей-берекет тасталған күл-қоқыстардан тазарту, талдарды ретке келтіру, әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар жол жиегіндегі шөптер орылып, арық-атыздар тазаланды. Жалпы 7 техника жұмылдырылып, 14 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Саябақтар және скверлер ретке келтіріліп, 2 мыңға жуық адам тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Таза Қазақстан» науқанының мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.