​Құрылыс саласын жандандыру – елді дамытудың тиімді жолы

0
99

Қазақстанда құрылыс материалдарының 70 пайызы отандық өндірушілерден алынады.


​Құрылыс саласын жандандыру – елді дамытудың тиімді жолы

Қазақстандағы құрылыс саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Бұл сала ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналды десек те қателеспейміз. Дегенмен, бұл саланы дамыту жұмыстары заман ағымымен бірге жүре берері сөзсіз. Сәйкесінше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында құрылыстың барлық кезеңін толық есепке алуды қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажеттігін айтты. Соның ішінде, тұрғын үй құрылысына ерекше тоқталып, бұл бағытқа баса мән беру керектігін жеткізді.


Президенттің айтуынша, 2024 жылы елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Ендігі кезекте құрылыс сапасын одан әрі көтеру мақсатында жасанды интеллект технологияларын қолданып, нысандарды ақпараттық тұрғыдан модельдеу жұмыстары қолға алынбақ. Бұл үшін ел Үкіметі құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды және оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосатын болады.


— Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс. Құжатты жыл соңына дейін қабылдау керек. Депутаттардың бұл жұмысқа атсалысуын сұраймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жалпы, бұл сала инфрақұрылымдық жобалармен, тұрғын үй құрылысының көлемімен және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуымен тығыз байланысты. Осы ретте, 2024 жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 6,2 трлн теңгеден асып, Қазақстан ТМД елдері арасында құрылыс қарқыны бойынша алғашқы үштікке енгенін атап өту керек. Қала құрылысы, инфрақұрылым, өндірістік нысандар және тұрғын үймен қамту негізгі бағыттар ретінде белгіленген.


Тиісінше, бүгінде ел аумағында жолдар, көпірлер, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, мектеп, аурухана, балабақша құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Ауыл – Ел бесігі», «Келешек мектептері», «Қуатты өңірлер» сияқты бағдарламалар серпін сыйлап келеді. Ал, 2024 жылы құрылыс саласына салынған инвестиция көлемі 2,4 трлн теңгеден асқан. Құрылыс материалдары және отандық өнім саласы да ерекше даму үстінде. Мәселен, Қазақстанда құрылыс материалдарының 70 пайызы отандық өндірушілерден алынады. Цемент, кірпіш, сэндвич-панель, арматура өндірісі жыл сайын ұлғайып, импортқа тәуелділік азаю үстінде.


Сондықтан, Қазақстанды құрылыс саласы тұрақты дамып келе жатқан маңызды сектор деуге негіз бар. Тиісінше, бұл сала елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықты баспанамен қамтуға және өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға тікелей әсер етіп жатыр. Мемлекеттік қолдау, цифрландыру және инвестициялық ахуалдың жақсаруы құрылыс саласының одан әрі өркендеуіне мүмкіндік беруде. Демек, Мемлекет басшысының бастамасын іске асыру – елімізді әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамытудың тиімді бір жолы деп айтуға болады.


Ғани Райымбеков,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Бөлісу