Шара барысында жылжымалы музейлік көрме болды.
Қорғаныс министрлігі Түркістан жастары арасында ауқымды әскери-патриоттық акция өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының ұйымдастыруымен «Біртұтас ел – Біртұтас жер» атты ауқымды әскери-патриоттық акция өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – әскери қызметтің беделін арттыру, жастардың бойында отансүйгіштік рух пен әскери борышты орындауға деген жауапкершілікті нығайту.
Акция аясында Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті, Әскери білім департаменті, Ұлттық әскери-патриоттық орталық өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысы бойынша Қорғаныс істері департаментінің бастығы №27 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-лицейі мен №33 жалпы білім беретін мектептерде болды. 9–11 сынып оқушыларына әскери оқу орындарына түсу тәртібі, әскери қызметті өткеру шарттары және әскери қызметшілерге арналған әлеуметтік жеңілдіктер жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар оқушыларға ҚӘӘИ, ӘҚК ӘИ және РЭжБӘИИ оқу орындарына түсуге қатысты ақпараттық парақшалар таратылды.
Іс-шараның салтанатты бөлімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталып, Қарулы күштердің тарихы мен жауынгерлік жолын баяндайтын бейнеролик көрсетілді. Құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі, полковник Дәулет Бейсеков аталған акцияның жастар арасында патриоттық құндылықтарды қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
Шара барысында жылжымалы музейлік көрме болды. Оған қаладағы жалпы білім беру мекемелерінен шамамен 1000-ға жуық оқушы мен ұстаз қатысты. Экспозиция Алматы қаласындағы Әскери даңқ музейінің қорынан әкелініп, Қазақстандағы әскери бөлімдердің құрылғанына 85 жыл толуына арналған құнды жәдігерлерді қамтыды.
Көрменің ең құнды экспонаттарының қатарында даңқты қолбасшы, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының жеке марапаттары мен тұтынған заттары, Кеңес Одағының Батыры, 316-атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Иван Панфиловтың жеке бұйымдары, сондай-ақ 397 фашистің көзін жойып, жау тарапынан «қара өлім» атанған мерген Төлеуғали Әбдібековтің марапаттары мен құжаттары көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ шара барысында әскери оқу орындарына түсу тәртібі, құжат тапсыру талаптары және әскери есепке қою мәселелері бойынша кең көлемде түсіндірме берілді. Акция Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.


