Түркістан облысында қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр стансасын салу жобасына қатысты негізгі коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Қазақстан мен Energy China Түркістан облысында күн электр стансасын салу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бейжіңде Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы аясында Түркістан облысында қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр стансасын салу жобасына қатысты негізгі коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен China Energy Engineering Group компаниясы арасындағы инвестициялық келісім мен электр энергиясын сатып алу шартына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қол қойылды. Бұл жобаның ел үшін стратегиялық маңызын айқындайды.
Жаңа күн электр станциясы Түркістан облысының Сауран ауданында орналасады. Жобаның инвестиция көлемі шамамен 320 миллион АҚШ долларын құрайды. Жобаны жүзеге асыру 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Бұл жоба оңтүстік өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, «жасыл» генерацияны дамытуға бағытталған және Энергетика министрі Ерлан Ақкенжановтың қытайдың жетекші энергетикалық корпорацияларының басшылығымен жүргізген келіссөздерінің нақты нәтижелерінің бірі болып табылады.
«Бүгінгі келісім – Қытаймен «жасыл» энергетика саласындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетудің белгісі және бірлескен жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл жоба еліміздің энергетикалық жүйесін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді әрі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болмақ», – деп атап өтті Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов.
Жаңа күн электр станциясының құрылысы еліміздің энергетикалық балансын әртараптандыруға және жаңартылатын энергия көздері үлесін арттыру жөніндегі стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге айтарлықтай үлес қосады. Сондай-ақ жобаны іске асыру Қазақстанда жаңартылатын энергетика саласындағы технологиялық мүмкіндіктердің одан әрі дамуына ықпал етіп, елдің «жасыл» экономикаға көшу бойынша өңірлік көшбасшы ретіндегі мәртебесін нығайтады.