​Ауыл шаруашылығын дамыту – елдің әл-ауқатын көтерудің бір жолы

0
90

Бидай, ұн, майлы дақылдар мен ет өнімдерін әлемнің 70-тен астам еліне экспорттап жатыр.


​Ауыл шаруашылығын дамыту – елдің әл-ауқатын көтерудің бір жолы

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент өз сөзінде елді экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамытуға ықпал ететін көптеген бастаманы көтерді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын өркендету ісіне де кеңінен тоқталып, озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметке нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Президенттің айтуынша, мемлекет ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру үшін соңғы жылдары көптеген реформа жүргізді, жүргізіп те жатыр.


– Қомақты қаражат бөлініп жатыр, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған. Бірақ, агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.


Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатқанын да айтты. Бұл жұмыстарға атсалысып жатқан отандық және шетелдік инвесторлар салған қаржы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Нәтижесінде, үш мыңнан астам жұмыс орны ашылып, өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданбақ.


– Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек. Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Оларды жұртшылық жақсы біледі. Бұл кәсіпорындар цифрландыру тәсілдерін жаппай енгізу арқылы өндірістің тиімділігін әлдеқайда арттырып жатыр. Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн, - деді Президент.


Дегенмен, Қазақстан ауыл шаруашылығы саласы бойынша Орталық Азияда жетекші елдердің бірі саналады. Бұл сала елдің экономикалық, әлеуметтік және азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды реформалар, бағдарламалар және инвестициялар іске асырылып жатыр.


Бүгінде еліміз дүниежүзіндегі ең ірі астық экспорттаушы 10 елдің қатарына кіреді. Бидай, ұн, майлы дақылдар мен ет өнімдерін әлемнің 70-тен астам еліне экспорттап жатыр. Ауыл шаруашылығын дамыту жұмыстары цифрландыру мен автоматтандыру, мал шаруашылығы, суармалы егіншілік және экологиялық таза өнім бағыттарына негізделген. Жеке инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасалып, шетелдік инвесторларға да мүмкіндік берілуде. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары – егіншілік бойынша көш бастап тұрса, Түркістан, Алматы, Жамбыл өңірлері – көкөніс, жеміс-жидек және бақша өнімдерімен танымал. Ал Батыс өңірлер – мал шаруашылығына бейімделген.


Мұның бәрі Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында айқын нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан, әлеуеті әлі де зор мемлекет екендігін аңғартады. Цифрландыру, аграрлық ғылымды дамыту, жер ресурстарын тиімді пайдалану және инвестициялық климатты жақсарту – бұл саланы жаңа белеске шығарудың басты бағыттары.


Жәнібек Сүлейменов,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Бөлісу