Байқауға барлығы 16 қатысушы қатысып, 3 кезең бойынша бақ сынасты.
Түркістан облысында «Абай оқулары» облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ұлы тұлға Абайдың 180 жылдығына орай «Абай оқулары» облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Шара – Абайдың рухани мұрасын кеңінен насихаттауға, жас ұрпаққа Абай шығармалары арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, көркем сөйлеу мәдениетін дамытуға бағытталған.
Байқауға барлығы 16 қатысушы қатысып, 3 кезең бойынша бақ сынасты. Алғашқы кезеңде қатысушылар Абай өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде Абай қарасөздерінен көрініс, ал үшінші кезеңде Абайдың өмірінен, шығармашылығынан сұрақтар қойылды. Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Дариға Шерехан ие болса, жүлделі 1-орынды Мұхтар Аманжол иемденді. Ал, 2-орынға Назгүл Абен, 3-орынға Ақберген Жолдасбек ие болды. Байқау алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ.