​ЖАС МАҢЫЗДЫ ЕМЕС: Шынайы ЕСЕЮді білдіретін 3 белгі

0
209

40-қа келсе де, ересек бола алмайтындар бар


​ЖАС МАҢЫЗДЫ ЕМЕС: Шынайы ЕСЕЮді білдіретін 3 белгі

Сурет: ЖИ

Жеке куәліктегі жас адамның шынайы ересектігінің көрсеткіші бола ала ма? Өкінішке қарай, жоқ. Өмірде 18-ге тола салып өзіне толық жауапкершілік алып жүрген жастарды да, 40-тан асса да отбасының жүгін арқалай алмайтын, ата-анасының зейнетақысына қарап отырған немесе конфликті дұрыс шеше алмай, балаша бұрқан-талқан болатын «үлкендерді» де жиі кездестіреміз.

Әсіресе жасы 20-ға толар-толмас, өмірдің мәнін ұғып, өз аяғынан тік тұрмастан үйленуге асығатын жастар көп. Психологиялық дайындығы жоқ, жасы толса да, санасы ересек тартпаған, сезімнің жетегінде кеткен мұндай жас жұбайлар алғашқы тұрмыстық қиындықта-ақ есеймегендіктерін танытып, соңы ажырасуға ұласып жатады.

Сонда адамның жасына сенуге болмаса, шынайы түрде есейгенін қалай біле аламыз?


Префронтальды қыртыстың жетілуі

Жасөспірімдер туралы кейде «ақылы болмағандықтан ақымақтық жасайды» деп айтып жатады. Әрине, оларда ақыл бар. Тек миы, дәлірек айтқанда, оның бір бөлігі – префронтальды қыртысы әлі толық қалыптасып үлгермеген.

Префронтальды қыртыс ми сыңарларының алдыңғы үштен бір бөлігінде орналасқан. Мынадай маңызды нәрселерді жасауға мүмкіндік беретін аймақ:

Эмоцияға берілмеу және импульстерді тежеу. Префронтальды қыртыс кідіруге, салдары туралы ойлануға және кейін өкінетіндей нарсені жасап қоймауға көмектеседі.

Болашақты сезіну. Балалар өмірдің ұзақ екенін және қазіргі таңдау 10 жылдан кейінгі өміріне әсер ететінін жақсы түсіне бермейді. Дәл осы себепті олар үшін, мысалы, «30 жаста лайықты жалақы алу үшін қазір оқу керек» деген аргументтер нашар жұмыс істейді. Префронтальды қыртыс қазіргі сәт пен болашақтың арасындағы байланысты ұғынуға, сонымен бірге ұзақ мерзімді жоспарлауға, салдары туралы ойлануға, маңызды нәрсеге назар аударуға көмектеседі.

Кейде префронтальды қыртыс 25 жасқа қарай толық қалыптасады. Бірақ 25 жасқа толған туған күнінде бірден жинақы әрі жауапты болып ояна салмайды. Бас миының қыртысы біртіндеп қалыптасады. Сондықтан, мысалы, 18 жастағы жасөспірім өзін 12 жастағы кезіне қарағанда жақсырақ бақылайды. Бұл процесс әр адамда әртүрлі жылдамдықпен жүреді және әртүрлі уақытта аяқталады. Әдетте бұл жиырмадан асқан шақта (20-30 жас аралығында) болады.


Қаржылық тәуелсіздік

Кейбір зерттеушілер қаржылық тәуелсіздікті ересектіктің белгісі деп санайды. Атап айтқанда:

  • тұрақты кіріс;
  • баспананы, тамақты және басқа да базалық қажеттіліктерді өз бетінше төлей алу мүмкіндігі;
  • ата-ана тарапынан қаржылық қолдауға мұқтаж болмау.


Психологиялық кемелдіктің орнауы

Психолог Екатерина Верченованың айтуынша, кемел адамды кемелденбеген адамнан келесі қасиеттер айырады:

Жауапкершілік. Өз мінез-құлқына есеп бере алу, таңдауы үшін жауап беру және әрекеттерінің салдарын қабылдау қабілеті.

Саналылық. Осы сәттегі өз ойларына, эмоцияларына және әрекеттеріне мұқият болу қабілеті. Ересек адам өзінің күшті және әлсіз тұстарын біледі, өзінің эмоциялары мен уәждерін түсінеді. Ол түрлі жағдайлардағы өз реакциясы мен іс-әрекеттерін талдауға қабілетті.

Сыни көзқарас (Критикалық ойлау). Ақпаратты талдау, стереотиптерге күмән келтіру және фактілер мен логикаға сүйене отырып, өз пікірін қалыптастыру шеберлігі.

Икемділік пен бейімделгіштік. Өзгерістерге бейімделе білу, сондай-ақ әртүрлі көзқарастарды қабылдау әрі түсіну.

Өзін-өзі дамыту. Өз тәжірибесінен үйренуге, дағдыларын дамытуға және тұлғалық өсуге ұмтылу.

Басқа адамдармен байланыс орната білу және оны ұстап тұру. Өзара түсіністікке, сенімге және құрметке негізделген сау қарым-қатынас құра білу қабілеті.

Айналасындағы адамдардың эмоцияларын түсіну және сезіну қабілеті. Кемел адам өзін басқаның орнына қоя алады, бұл тереңірек әрі конструктивті қарым-қатынасқа ықпал етеді.

Шекараларды сақтау. Өзінің де, өзгелердің де жеке шекараларын белгілей білу және құрметтеу.


Отбасын құру кезеңі жаспен өлшенбейді

Нейробиологиялық тұрғыдан алсақ, 20 жастағы жігіт пен қыздың миындағы эмоцияны бақылайтын, салдарды есептейтін префронтальды қыртысы әлі толық жетілмеген. Оның үстіне қаржылық тәуелсіздікке де қол жеткізбеген: өз баспанасы, тұрақты табысы жоқ, әлі де ата-анасына сүйенеді.

Жастар бұл жаста отбасын құруды үлкен жауапкершілік емес, романтика немесе желік деп қабылдауы мүмкін. Нәтижесінде, эмоцияға берілгіштік, импульстік шешімдер мен материалдық тәуелділік кішкентай отбасылық кикілжіңді үлкен дағдарысқа айналдырады.

Қорыта айтқанда, ересек болу бір күнде келетін немесе белгілі бір жасқа толғанда өздігінен орнайтын статус емес. Егер сіз өзіңізге, өз шешімдеріңіз бен эмоцияларыңызға жауап бере алсаңыз, болашағыңызға саналы түрде қарап, өзгелердің де жеке шекарасын құрметтесеңіз, онда жасыңызға қарамастан, шынайы ересек адам болғаныңыз. Ал егер қайсыбір тұсыңыз әлі де «ақсап» жатса, бұл – өзіңізбен жұмыс істеп, өсуге үлкен мүмкіндік.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ҚЫЗ БАЛАға АНАСЫНАН берілетін ең нашар 5 ҰСТАНЫМ