Саудаға шығарылған пәтер тұрғын үйдің жетінші қабатында орналасқан, аумағы 68 шаршы метр, екі бөлмелі.
Фото: China Highlights
ERNUR.KZ. Қытай тұрғыны «Бойдақтар күніне» арналған жеңілдіктер науқаны кезінде Хэйлунцзян провинциясынан екі бөлмелі пәтерді небәрі 11 юаньға (шамамен 750 теңге) сатып алды, деп жазады inform.kz.
Пәтердің бастапқы бағасы 1 юань болып белгіленіп, әрбір келесі ұсыныс 0,01 юаньға көтеріліп отырған. Ал сату бағасы 11 юаньнан аспауға тиіс болды. Платформа дерегінше, аукционға 1,6 мыңнан астам адам қатысқан.
Аукционда Цзянсу–Чжэцзян өңірінен келген жасырын сатып алушы жеңіске жетті. Ол белгіленген ең жоғары бағаны алғаш болып ұсынған. Платформа мәліметінше, пәтердің ақшасы мен комиссиялық төлемдер толық өтелген.
Сатып алушы аукционның тікелей эфирінде жаңа пәтерге көшуді жоспарламайтынын айтты. Ол баспананы қыста өңірге келгенде демалатын орын ретінде пайдаланбақ. Алайда пәтерді өз атына рәсімдеу үшін қосымша 2 мың юань (шамамен 135 мың теңге) жылжымайтын мүлікті беру салығын төлеуі керек.
Жергілікті жылжымайтын мүлік платформаларының мәліметінше, пәтердің нарықтық бағасы шамамен 40 мың юаньға (2,7 млн теңге) бағаланады.
Ал пәтердің нарықтық құны мен сатып алушы төлеген соманың арасындағы айырманы платформаның өзі өтеген.
Заңгерлер жылжымайтын мүлікті тым арзан бағаға сатып алу бірқатар жасырын қатерге ұрындыруы мүмкін екенін ескертті. Атап айтқанда, меншік құқығын рәсімдеу кезінде қиындықтар туындап, салық пен басқа да төлемдер бойынша қарыздар анықталуы мүмкін. Сондай-ақ дау шыққан жағдайда сот шығындарына тап болу қаупі бар.


