​ҚЫЗ БАЛАға АНАСЫНАН берілетін ең нашар 5 ҰСТАНЫМ

0
249


​ҚЫЗ БАЛАға АНАСЫНАН берілетін ең нашар 5 ҰСТАНЫМ

Сурет: ЖИ

Қыз балалар анасының жүріс-тұрысы мен құндылықтарын бойына сіңіруі табиғи құбылыс. Гендерлік рөлі, болашақтағы мінез-құлқы, ер адамдармен қарым-қатынасы және өзін-өзі сезінуі туралы түсінігін қалыптастыруда анасы басты рөл атқарады.

Кейде аналар өздері байқамай, қыздарына өмір бойы кедергі болатын теріс ойлар мен әдеттерді сіңіріп жібереді. Солардың ең жиі кездесетін түрлері және олардың салдарын психолог, авторлық методикалардың авторы Лариса Арбатова қарапайым тілде түсіндірген.


1. «Махаббатқа лайық болу үшін мінсіз әрі пысық әйел болу керек»

Көптеген аналар өзін мүлдем күтпей, бар күшін үй шаруасына салып жатады. Бала анасының шаршап, құлап бара жатса да, үш түрлі тамақ жасағанын, ауырып тұрса да үй жинап, күйеуінің киімін үтіктегенін көреді.

Мұндай жағдайда қыз баланың санасында «Менің өз қалауым маңызды емес, бастысы – өзгелерге жағу» деген теріс ұғым қалыптасады. Өскенде оның өмірі үш түрлі бағытта өрбуі мүмкін:

  • Анасы сияқты өз денсаулығы мен жағдайын ұмытып, бүкіл өмірін отбасына арнайды. Бірақ мұндай өмір оған бақыт әкелмейді.
  • Анасына ерегісіп, бәрін керісінше жасағысы келеді. Бірақ қиын сәттерде бәрібір бұрынғы үйренген әдетіне түсіп кетеді.
  • Мәселені түсініп, психологтың көмегімен немесе өзі жұмыс істеп, бұл қате сценарийден құтылады.

Әрине, отбасыға қамқорлық жасаудың еш жамандығы жоқ, бірақ бәрінде шек болуы керек.


2. «Ер адамға ұнау үшін сұлу болуың керек»

Өзіңді күту, әдемі болып жүру кез келген әйелге керек. Бірақ мұны «басқалар жақсы көрсін» деген қажеттіліктен емес, өзіңді жақсы көргендіктен жасау керек. Аналар кейде қыздарына: «Тамақты аз же, толып кетесің, сосын ешкім қарамай қояды. Спортпен айналыспасаң, сымбатты болмайсың. Кейін күйеуге шығуың қиын болады» деп айтып жатады. Мұндай сөзді естіп өскен қыздың өскенде өз денесіне деген көзқарасы былай өзгереді:

  • Сырт келбеті арқылы ғана біреуге ұнауға, махаббат табуға тырысады. Өзінен үнемі мін іздеп, сенімсіз болады. Ақыр аяғы косметолог пен пластикалық хирургқа жүгінуге жеткізуі мүмкін.
  • Өзін күтуден мүлдем бас тартады. Қалай киінсе де, шашы қалай тұрса да мән бермейді. Мұндай немқұрайлылық ақыры жүйке жүйесінің бұзылуына әкеледі.
  • Өзін бағалауды үйреніп, өзімен үйлесім табады. Күтім процедураларын біреуге ұнау үшін емес, өз рахаты үшін жасайды.


3. «Ешкімнен көмек сұрама»

Тәуелсіздік пен дербестік, мықты болу, өз бетіңше өмір сүре алу жақсы қасиет. Бірақ бұл айналаңның бәріне сенімсіздікпен қарау дегенді білдірмейді. Бұрын ер-азаматтан көңілі қалған аналар қызына «ешкімге сенбе, ешкімнен көмек күтпе» деп өсіреді. Олардың бұрынғы серіктесіне деген өкпесі бәріне өзі жете алатынын дәлелдеуге деген ұмтылысқа айналады. Ондай әйелдер бар ауыртпалықты өзі көтереді. Тұсқағазды өзі жапсырып, жиһазды өзі жылжытады, ауыр сөмкелерді өзі тасиды. Сонымен бірге, олар көмек сұрайтындарға менсінбей қарайды.

Мұндай отбасыда өскен қыздар да ешкімге сенбейді. Ер адам көмек ұсынса, намыстанып қалуы мүмкін. Олар отбасын құруға күмәнмен қарап, көбіне бар ынтасын тек жұмыс пен мансапқа салады..


4. «Ер адам – отбасын асыраушы, сен жұмыс істемесең де болады»

Кейбір отбасыларда міндеттерді қатаң бөлу бар. Қыз балаға «Жұмыс істеп, дамудың керегі жоқ, бастысы, бай жігіт тапсаң болды» деген ойды сіңіреді. Әйелді қамтамасыз ете алатын ауқатты ер адамды жолықтырып, тұрмысқа шықса, бар мәселесі шешімін табатындай көрсетеді. Әрине, отбасылық бюджетте ер адамның қаржылық жауапкершілікті көбірек алғаны дұрыс. Бірақ кез келген әйел заты өзіндік ойы мен пікірі бар, дамып отыратын жеке тұлға екенін ұмытпаған абзал.


5. «Ер адамға бәрін ашып айтуға болмайды»

Кейбіреулер бақытты отбасының сыры әйелдің қулығында деп ойлайды. «Күйеуіңе қанша ақша табатыныңды айтпа», «Затты қымбатқа алсаң да, арзанға алдым де» немесе «Құрбыларыңмен отырғаныңды жасыр» деген сияқты кеңестер береді.

Бірақ өтіріктің арты ерте ме, кеш пе ашылады. Жақын адамыңнан шынайы қалауыңды, мүмкіндіктеріңді жасырып өмір сүру қарым-қатынасты бұзады.


Бойыңыздан осындай ойларды байқасаңыз, не істеу керек?

Ең бастысы, өзіңізді іштей жайлы әрі бақытты сезінуіңіз. Егер қазіргі өміріңіз көңіліңізден шықпаса, «Мен нені өзгерте аламын?» деп ойланып көріңіз. Мәселені шешудің үш жолы бар: қарым-қатынасты қайта қарау, психолог маманға жүгіну немесе өз бетіңізше ойларыңызды ретке келтіру. Ең бастысы, мәселені жылы жауып қоймай, әрекет ету.

Аударған: Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ОНЛАЙННЫҢ 10 қағидасы: ЖҰМЫС ЧАТТАРЫнда әр ҚЫЗМЕТКЕР сақтауы тиіс
ROBLOX-СЕРИАЛдан балаларға ҚАУІП бар ма?