Алматыдағы 3 адамның өмірін қиған жол апаты: тергеуде жаңа деректер белгілі болды

0
142

21 наурыз түнде Алматыда Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан.


Алматыдағы 3 адамның өмірін қиған жол апаты: тергеуде жаңа деректер белгілі болды

Фото: zakon.kz, t.me / kris_p_almaty_kz

ERNUR.KZ. Алматы қаласының прокуратурасы әл-Фараби даңғылында адам өлімімен аяқталған ірі жол-көлік оқиғасына қатысты тергеудің жаңа мәліметтерін жариялады, деп жазады ulysmedia.kz.

ПОЛИЦИЯНЫҢ ӘРЕКЕТСІЗДІГІ

Қадағалаушы органның мәліметінше, үш адамның өмірін қиған апат бойынша қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігімен қаралуда. Бұл бап көлік құралын алкогольдік мас күйде басқарып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларға қатысты. Аталған бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ өмір бойына белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру қарастырылған.

Сонымен қатар оқиғаға байланысты полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне қатысты тағы бір қылмыстық іс тіркелді. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша (ауыр зардаптарға әкелген қызметтегі әрекетсіздік) тергелуде. Аталған бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы, мүлкін тәркілеу және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салу көзделген.

ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ?

Прокуратураның хабарлауынша, қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптамалар тағайындалған. Сонымен қатар бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін Алматының әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған апатқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталуға жақындағанын жазған болатынбыз.

ҮШ АДАМНЫҢ ӨЛІМІ

Еске салайық, 21 наурыз түнде Алматыда Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes көлігіндегі үш адам қаза тапқан.