​БАЛА кезінде МЕЙІРІМ-МАХАББАТ көрмегендерге ортақ 8 белгі

0
273

Ата-анасынан жеткілікті махаббат пен мейірім көрмегендердің келешектегі өтеуі көп-көрім


​БАЛА кезінде МЕЙІРІМ-МАХАББАТ көрмегендерге ортақ 8 белгі

Сурет: ЖИ

Балалық шақтағы әрбір сәт ересек өмірге өзіндік із қалдырады. Ересек өмірдегі бақытымызға әсер ететін факторлардың бірі – бала кезімізде қаншалықты сүйіспеншілік пен қамқорлық көргеніміз.

Ата-анасынан жеткілікті махаббат пен мейірім көрмегендердің келешектегі өтеуі көп-көрім. Олар өсе келе өзгелер былай тұрсын, өзіне-өзі ең көп зиян келтіретін адам болып шығуы мүмкін. Мұндай жандарды қандай белгілерінен тануға болады?

Бала кезінде мейірімге қанып өспеудің екі түрлі себебі болуы мүмкін.


Біріншісі – ата-ананың немесе жақын адамдарының балаға сүйіспеншілігі жоғын іс жүзінде қалай көрсеткені. Мысалы, жиі айқайлаған немесе ұрып-соққан болуы мүмкін.


Мұндай қарым-қатынастың салдары ересек шақта да байқалады. Мәселен, адам өзіне арналмағанның өзінде қатты дауысқа немесе айқайға жағымсыз реакция білдіруі мүмкін. Ол тұйықталып, не істерін білмей қатып қалып, тіпті бір ауыз сөз айта алмай қалуы ықтимал. Мұндай балалық ата-анасынан жеткілікті мейірім көрмеген ересек адамда мынадай ерекшеліктердің қалыптасуына әкелуі мүмкін:

1. ӨЗ ПІКІРІН БІЛДІРМЕЙДІ. Өз пікірі мүлде қалыптаспаған болуы мүмкін. Өйткені ол өзінің ойы ештеңеге әсер етпейді деп есептейді. Оның пікірін ешкім құнды деп қабылдамайтындай көрінеді.

2. ЕШҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ӨЗІН ҚОРҒАЙ АЛМАЙДЫ. Оған бүкіл әлем әділетсіз сияқты сезіледі. Басқаша айтқанда, өзін үнемі жәбірленуші ретінде қабылдайды.

3. ӨЗ ӨМІРІ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК АЛУҒА ҚИНАЛАДЫ. Басындағы қиындықтарға басқа адамдарды немесе сыртқы жағдайларды кінәлауға бейім.


Мейірім-махаббатсыз өсудің тағы бір көрінісі – ата-ананың баласын елемеуі. Баланың сезімі мен эмоциясы ешкімді қызықтырмайды. Онымен сөйлеспейді, жұбатпайды, қажет кезінде қолдау көрсетпейді.


Осының салдарынан ересек шақта мұндай адамда тағы мынадай ерекшеліктер қалыптасуы мүмкін:

4. ӨЗІН БІРІНШІ ОРЫНҒА ҚОЯ АЛМАЙДЫ. Өз сезімі мен эмоциясын маңызды деп санамайды. Өзін ең соңғы орынға ысырып, қарым-қатынастағы адамның сезімін үнемі бірінші орынға қояды.

5. ЖЕКЕ ШЕКАРАСЫНЫҢ ҚАЙ ЖЕРДЕ БҰЗЫЛЫП ЖАТҚАНЫН АҢҒАРА АЛМАЙДЫ. Отбасында да, жұмыста да басқа адамның кез келген жағымсыз әрекетіне төзе беретін адамға айналады. Өз құқығын қорғаудың орнына, бәріне шыдап, үнсіз тістеніп жүреді.

6. МАХАББАТҚА ЛАЙЫҚ ЕКЕНІН ҮНЕМІ ДӘЛЕЛДЕУГЕ ТЫРЫСАДЫ. Ол айналасындағылардың өзін қажет ететінін үнемі растауына мұқтаж болады және өзгелердің пікіріне тәуелді келеді. Осыдан басқалардың алдында өзін үнемі жақсы көрсетуге ұмтылыс пайда болады. Уақыт өте келе ол өзінің шынайы болмысынан алыстап, өзгелер көргісі келетін немесе қоғам таңып беретін бейнеге айналуы мүмкін.


Мейірім-махаббат жеткілікті болмауының тағы бір мысалы – балаға оның тәрбиесіне көп уақыт немесе ақша жұмсалатынын үнемі айтып отыру. Мұндай сөздер баланың бойында тағы бір зиянды түсініктің қалыптасуына себеп болуы мүмкін.


7. ҚАНДАЙ ДА БІР СЫЙҒА, МАРАПАТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҮШІН ЕҢБЕК СІҢІРУ КЕРЕК ДЕП СЕНЕДІ. Сөйтіп, өзін шамадан тыс қажытады. Өмірден ләззат алу да қиындай түседі.


Бала кезінде жеткілікті мейірім көрмеудің екінші себебі – ата-анамыз бен жақындарымыздың бізге жасаған әрекеттерін өзіміз қалай қабылдағанымызға, қалай түсінгенімізге байланысты.


Мысалы, бала үлкен жұмсақ ойыншық армандауы мүмкін. Ал ата-ана перзентін қуанту үшін жан-жануарлар пішінін немесе ойыншық көлік, велосипед сыйлайды. Сол сәтте ата-анамыз баланы жақсы көрмеді деуге бола ма? Жоқ. Керісінше, олар өз махаббатын өздері білетін тәсілмен жеткізуге тырысты. Бірақ бала оны басқаша қабылдауы мүмкін. Ата-анасы өзінің шынайы арманын түсінбеді немесе елеп-ескеруді қажет етпеді деп ойлауы ықтимал. Нәтижесінде:

8. АРМАНДАУДЫ, МАҚСАТ ҚОЮДЫ ЖӘНЕ СОЛ МАҚСАТҚА ЖЕТУДІ ҚИЫНДЫҚПЕН ҮЙРЕНЕДІ. Өйткені ол өз пікірінің, армандарының құндылығын сезінбейтін болады.

Бір ғана мақалада бала кезінде жеткілікті мейірім көрмеген адамның барлық белгілері мен салдарын түгел қамту мүмкін емес. Дегенмен ең айқын көріністерін қарастыруға тырыстық.

Мұндай жағдайды бастан өткерген адам үшін ең маңызды нәрсе – бұл өмірлік үкім емес екенін түсіну. Балалық шақта қалыптасқан мұндай күйді өзгертуге болады және өзгерту қажет. Бұл өзіңді таңдауға, өмірің үшін жауапкершілік алуға және өз тағдырыңа ықпал етуге мүмкіндік береді.


Сіздің пікіріңіз құнды. Өзіңізге құлақ асуды үйреніңіз. Ішкі әлеміңізге үңіліп, өзіңіз көре алатын маңызды әрі терең дүниені табуға тырысыңыз. Іштей аңсаған армандарыңыз бен шынайы тілектеріңізді анықтап, оларды біртіндеп жүзеге асыра бастаңыз. Осылайша, қадам сайын өз құндылығыңызды сезініп, өзіңізді қабылдауды үйреніп, өміріңізді саналы түрде құруға мүмкіндік аласыз.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖЫНЫСТЫҚ ТӘРБИЕ туралы басты 10 сұраққа ЖАУАП
ЭСТЕТИКА ҚҰРБАНДАРЫ: Сұр мен қоңырқай тренд бала психикасын бұза ма?