​Қасыңыз түсіп, өспей жатыр ма? Дұрыс күтім жасауды үйреніңіз

0
199

Формасы әдемі, қою қалың қас адамның жүзіне көрік беретінін бәріміз білеміз.


​Қасыңыз түсіп, өспей жатыр ма? Дұрыс күтім жасауды үйреніңіз

фото: uk.pinterest.com

Бірақ, кейбір адамдардың қасында біршама мәселелер бар. Сондықтан, мәселенің шешімін бірге табайық.


Қастың саулығы

Қастың саулығы бүкіл ағзаның саулығына және иммунитеттің мықтылығына байланысты. Ультракүлгін сәулелері мен тұрақсыз ауа-райының әсері де бар. Мысалы, ашық далада жүріп, жылы ғимаратқа кіргенде немесе керісінше, көп уақыт жылы жерде отырып, сыртқа, суық ауа-райына шыққанда, ауа өте құрғақ болған кезде қастың да ылғалды сақтауы төмендеп, құрғап, морт сынып түсе бастайды. Одан бөлек, тамақтану режимінің дұрыс болмауы да қасқа кері әсерін тигізеді. Суды күнделікті нормадан кем тұтынсаңыз да осындай мәселелерге тап боласыз. Пайдалы дәрумендер мен минералдарға толы тамақтанбасаңыз немесе мөлшерінен аз болса, фаст-фуд өнімдерін жиі тұтыну да қастың саулығына кесірін тигізеді. Дұрыс таңдалмаған немесе қолдану мерзімі өткен қасқа арналған косметикалық өнімдер де зиян.


Күтім жасаудың алғашқы сатысы

1. Күн сайын шашыңызды қалай тарасаңыз, қасыңызды да солай тарап тұрыңыз. Ол үшін арнайы қас тарауға арналған щеткалар бар. жоқ болса, кірпік бояйтын тущтың щеткасын тазалап жуып қолдансаңыз болады. Үнемі, тұрақты түрде таралған қас қалыңдайды және өсуі де жылдамдайды.

2. Бетке күтім жасау кезінде крем немесе басқа да косметикалық өнімдерді қасыңызға қосы жақпаңыз. Өйткені, кейбір косметикалық өнімдерде қастың өсуіне қарсы, қас түктерін жұқартып, сынғыш ететін ингредиенттер бар.

3. Бетті жуғанда бөлме температурасындағы немесе салқын суға жуыңыз. Ыстық су бет терісіне ғана емес, қастың да саулығына кері әсер етеді.

4. Уқалау. Яғни, массаж. Қасқа да массаж қажет. Макияждан бетіңізді тазартып алған соң, саусақ ұштарымен қастың өсу бағытынан бастап қас ұшына дейін жеңіл басып шығу керек. Одан соң, самай тұсынан бастап қастың ортасына қарай қасты бойлап саусағыңызбен жұмсақ сылап шығыңыз. Бұл қимылды жиі-жиі жасап тұрсаңыз нәтижесі де жылдам көрінеді. Күніне бір-екі рет 10-15 реттен жасау жеткілікті.


фото: tr.pinterest.com

Құралдарды дұрыс таңдаңыз

Қас формасын реттеу үшін қолданылатын құралдарды (пинцет, қайшы, щетка) тек өзіңіз қолданыңыз. Басқа біреудің құралдарын қолданбауға әрекет жасаңыз. Біріншіден, гигиена сақталуы керек, екіншіден, басқа адамның тері ауруларын жұқтырып алудан сақтанудың басты шарасы.

Қасыңызды күн сайын пинцетпен «шұқыланып» тере беру дұрыс емес. Олай жасасаңыз, қасыңыз жұқарып, өспей қояды. Арнайы қас үшін крем, сарысуларды пайдаланыңыз.


Қастың өсуі үшін...

1.Сирек, жіңішке, сынғыш қастың иесі болсаңыз, косметикалық дүкендерде немесе дәріханаларда қас өсіруге арналған профессионал активатор сатып алыңыз. Активатордың құрамында пентанол, табиғи хна болса тіпті жақсы.

2.А,Е,В дәрумендері мен Омега-3 ішіңіз. Бұл қастың ғана емес, шаштың да мықты болуына көмектеседі.

3.2-3 апта бойы күн сайын кастор және ошаған майын кезектестіріп қасыңызға жағып қойыңыз. Одан бөлек, бадам, шырғанақ, зәйтүн, кокос пен зығыр майларын да қолдансаңыз болады.

4.Қас өспей немесе түсіп жатқанда пинцетті қолданбай тұрыңыз. Алдымен қалыңдатып, өсіріп алыңыз, содан кейін формаға келтіріп аласыз.

5.Тамақтануыңызға көңіл бөліңіз. Дәруменге бай азық-түліктерді тұтыныңыз. Темір, мырыш және А,Е,В тобындағы дәрумені көп азықтарды пайдаланыңыз.


Қасқа арналған МАСКА

Сәбіз шырыны+Аевит

1 шай қасық сәбіз шырынына кез келген дәріханадан табылатын Аевиттің 1 капсуласын жарып, ішіндегі сұйықтықпен араластырыңыз. Осы қоспаны қасыңызға жағып, ас пленкасымен жауып қойыңыз. 20 минуттан соң жылы сумен жуып тастаңыз. Бұл әдісті аптасына 2 рет қайталауға болады.


Ошаған майы+бал

1 шай қасық ошаған майына 2 шай қасық балды қосыңыз. Қоспаны қасыңызға жағып, ас пленкасымен жауып қойыңыз. Содан кейін жарты сағат күтіп, соңынан жылы сумен жуып тастайсыз.


Қыша+жұмыртқа

1 шай қасық қышаға 1 дана жұмыртқаны қосып араластырыңыз. Масканы қасыңызға жағып, ас пленкасымен жауып, 15-20 минуттан кейін жуып тастайсыз.


Зәйтүн майы+лимон шырыны

1 шай қасық зәйтүн майына жаңа сығылған лимон сөлінен 1 ас қасық қосыңыз. Осы қоспаны көзіңізге кіріп кетпейтіндей сақтықпен қасыңызға жағыңыз. Пленкамен жауып, 20-30минут күтіңіз. Одан соң, бет жууға арналған гельдің көмегімен жуып тастаңыз.


Жұмыртқа

Бұл маска оп-оңай. 1 дана жұмыртқаның сарыуызы ғана керек. Сарыуызды жақсылап араластырып, мақта дискісін батырып, қасыңызға жағыңыз. 15-20 минуттан соң, жылы сумен жуып тастайсыз. Аптасына 1-2 рет жасау жеткілікті.

Ескерту: Масканың қай түрін қолдансаңыз да, жуғаннан соң артынан қасқа арналған крем, гель немесе сарысу жағып қоюды ұмытпаңыз!

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


ӘЙЕЛдің АҒЗАСЫнда МЫРЫШ жетіспесе НЕ БОЛАДЫ


ФЕЙСФИТНЕС пайдалы ма, зиян ба?